Бишімбаев Салтанатты қорлау үшін видеоға түсірген

Көркем Алдабергенова 22 сәу. 2024 17:42 7552

Қуандық Бишімбаев қайғылы оқиға болған түні Салтанатты не үшін видеоға түсіргенін түсіндірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Судья Айжан Құлбаева Бишімбаевтан видеоларды не үшін түсіргенін сұрады. 

"Бұл видеоларды қалай да әсер ету үшін түсірген жоқпын. Шынымды айтсам неге олай істегенімді түсіндіре алмаймын. Мені қалай қорласа, оны да солай қорлағым келді", - дейді Бишімбаев.

Еске салайық,бүгінгі сот отырысында Бишімбаевтың телефонынан бейәдеп сөздер естілетін видеолар көрсетіле бастаған болатын. 

Сот отырысы барысында судья Айжан Құлбаева Бишімбаевтың ұялы телефонынан суреттер мен видеоларды қарады. Оның сөзінше, видеолардағы уақыт 8-9 қараша күндері деп көрсетілген.

"Ешқандай дәретхана жоқ. Ізде", - дейді видеодағы дауыстың бірінде Бишімбаев Нүкеноваға.

Судья видеоларды қарау барысында Бишімбаевтан Нүкенова еденнен не іздегенін сұрады. Сонымен қатар, Айжан Құлбаеваның айтуынша, видеолардың бәрінде киімсіз, тек қара плащ киген Нүкенова көрінеді.

Бишімбаевтың ұялы телефонындағы видеода оның Нүкенованы бұрынғы қарым-қатынасы үшін айыптағаны, былапыт сөздер айтқаны да естіледі.

Ол әйелін балағаттап, қайта-қайта "Райымбек Баталовпен төсектес болдың ба?" деп сұрақтың астына алған.

Дегенмен сот отырысында Бишімбаев мұның бірде-бірін мойындамады.

"Бұл қандай да бір монтаж, телефонды ашып алып, жүктеп қойған болуы мүмкін", - деп жалтарды ол.

Жәбірленуші тарапқа бұл видеоларды қарамауға кеңес берілді.

Айта кетейік, бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың ұялы телефонын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері де аша алмай қойғаны белгілі болды. Өйткені бұған дейінгі сот отырыстарында оның телефоны зерттелмеді.

Бұл туралы сот отырысында судья Айжан Құлбаева айтты. Оның сөзінше, Бишімбаевтың телефонын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің техникалық мамандары аша алмай қойған. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар