Адвокат Жанна Оразбақова "Odnako podcast" YouTube-арнасына берген сұхбатында Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс қазір қалай жүргізіліп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, қазір тергеу толық аяқталған. Енді барлық тарап іс материалдарымен танысып жатыр.
"Қылмыстық іс бойынша соталды тергеу аяқталды. Осы іске қатысты барлық сараптама жасалды, барлық куәгерден жауап алынды. Оннан аса сараптама жасалды. Енді осы іске қатысы бар адамдар істің барысымен танысып жатыр. Яғни адвокаттар, күдікті адамдар. Күдікті адам екеу: бірі - қылмыскер Бишімбаев және оның інісі. Одан кейін жәбірленуші тарап бар: Салтанаттың ағасы, біз - адвокаттар, Нүкеновтер отбасы. Біз, Бишімбаев пен қорғаушылары істің барысымен танысып болған бойда нәтижесі туралы өтініш беруге құқығымыз бар", - дейді адвокат.
Ал кейін іс прокурордың қарауына түседі екен.
"Прокурор 10 күн ішінде қылмыстық істі зерттейді. Одан кейін прокурор айыптау актісін жазып, сотқа бере ме немесе қосымша тергеу үшін қайтара ма, сол жағын тексереді. Білуімше, қылмыстық іс 16 томнан тұрады, яғни қылмыскердің өзіне қатысты іс пен інісіне қатысты істі біріктірілген. Бұл істер бірге қаралып, сотқа да бірге жіберіледі", - дейді адвокат.
Жанна Оразбақова Бишімбаевқа қанша жыл берілуі мүмкін екенін айтты.
"Қазір күдіктіге тағылған айып бойынша екі бап қарастырылып отыр. Алғашында істі аса қатігездікпен жасалған кісі өлімі бойынша қарады, бұл баптың санкциясы бойынша 15 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді", - дейді ол.
Адвокат іс материалдарымен танысу барысында Бишімбаевқа тағы бір бап бойынша да айып тағылып отырғаны белгілі болғанын айтады. Яғни кісі өлімімен қатар, күдіктіге Қылмыстық кодекстің 110-бабы, қинау бойынша айып тағылған. Бұл дегеніміз - үздіксіз физикалық, психикалық қысым көрсету.
"Тергеу органдары бұл бапты туыстары мен достарының мәлімдемелеріне қарап қосқан. Салтанат тірі кезінде де психологиялық, физиологиялық қысым көрген", - дейді жәбірленшуі тараптың адвокаты.
Қазір олар Бишімбаев ең жоғары жазаны алады деген сенімде.
Бұл атышулы оқиға 2023 жылғы 9 қарашада Астана мейрамханаларының бірінде болды. Салдарынан бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Ал экс-шенді қамауда отыр.
Жақында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жақындары Бишімбаевты ақтап алу процесіне кіріскені туралы ақпараттар пайда болды.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да бұл жайтқа үн қатты.
"Салтанат Нүкенованың ісін бастамас бұрын немесе сот кезінде сотталушыны ақтау мақсатында деректерді бұрмалау әрекеттері жасалып бағады деген ақпарат бар. Қазірдің өзінде кейбір адамдар осы медиа науқанға кірісті. Қалай ғана бұған қатыса алады, қалай ғана зорлықты ақтауға болады?!" - деді ол.