ҚР Жоғары соты Бишімбаев пен Байжановтың апелляциялық сотына қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот мәліметінше, Қ.Бишімбаев пен Б.Байжановқа қатысты қылмыстық іс апелляциялық сатыға түскен.
"Судьяның 11 маусымдағы қаулысымен істі қарау 2024 жылғы 26 маусымға сағат 10.00-ге белгіленді. Жоғарғы сот қоғамның сот процесіне қызығушылығының артқанын ескере отырып, апелляциялық сатыдағы сот отырыстарының онлайн трансляциясын жалғастыру туралы шешім қабылдады. Сот отырыстары тікелей эфирде өтеді", - деп жазылған мәліметте.
Бұған дейін Мәжілісте Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллина бұл шағым қанша уақытқа дейін қаралуы мүмкін екенін айтты.
Мәжіліс кулуарында Жоғарғы сот өкілі сотқа алқабилер қатысса да сотталушылар шағымдана алатынын мәлімдеді.
"Алқабилердің қатысуымен шығарылған үкімге тараптар шағымдана алады. Ол үшін апелляциялық саты бар. Келіспесе, шағымдануға құқылы", - деді сот алқасының төрағасы.
Рахметуллинаның сөзінше, апелляция бір ай ішінде қаралады. Бірақ бұған кейбір жайттар әсер етуі мүмкін.
"Апелляциялық органдар қарауға үлгермей жатқан жағдайларда ұзаруы мүмкін. Мысалы, адвокаттар белгілі бір күндері қатыса алады және т.б. Заң бойынша сотталғандардың апелляциялық сатыдағы сотқа қатысуы сот тергеуі қайтадан жүргізілген кезде міндетті саналады. Яғни, кейбір қосымша дәлелдемелерді зерттегенде ғана, басқа жағдайларда сотталушының қатысуы қажет екенін немесе қажет емес екенін апелляциялық орган өзі шешеді", - деді ол.
Айта кетейік, Бишімбаев 24 жылға, Байжанов 4 жылға сотталған еді.