Бишімбаев пен Байжанов жазасын қайда өтейді?

Сағыныш Сардарова 13 мам. 2024 17:42 3558

Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министр Қуандық Бишімбаев пен осы іс бойынша екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов жазасын қайда өтейтіні айтылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот үкімімен экс-министр жазасын қауіпсіздігі ең жоғары түзеу мекемесінде өтейді. Оған сот 24 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол "азаптау" және "кісі өлтіру" баптары бойынша кінәлі деп танылды.

Екінші сотталушы Бақытжан Байжанов жазасын қауіпсіздігі орташа колонияда өтейді. Оған шыққан үкім - 4 жылға бас бостандығынан айыру. Ол қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп танылды.

Сотталушылардың кінәсі сотта толық дәлелденді.

Айта кетейік, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша бірнеше сот отырысы өтті. Оны дүйім жұрт Жоғарғы соттың YouTube арнасынан онлайн қарады.

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевты адвокат Лейла Рамазанова, Назкен Құсайынова, Ерлан Ғазымжановтар қорғады.

Ал марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен оның отбасының адвокаттары – Жанна Оразбахова мен Әлия Омарова, Игорь Вранчев.

27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды:

  • аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
  • азаптау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар