Жуырда экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысына ресейлік танымал журналист Ксения Собчак келді. Сот отырысына қатысты ол өз пікірін білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ксения Собчак Қазақстанға жиі келетінін, Қазақстанды жақсы көретінін әрі мұнда таныстары көп екенін айтады. Оған қоса іс-шаралар мен тойларды жүргізуге де шақыртулар алады екен. Оның сөзінше, қайшылықты түсінікті бұған дейін де байқаған.
"Қазақ әйелдерінің басым бөлігі көш ілгері дер едім: көп жұмыс істейді, өршіл, азат, бәріне өз күшімен қол жеткізгісі келеді, эмансипацияға, тәуелсіздікке, теңдікке ұмтылады. Оның үстіне мұнда дұрыс феминизмге, өзара көмекке және girl power түсінігіне орын бар. Ондай әйелдерді өзім де танимын, кейбірімен доспын, оларды қатты сыйлаймын.
Алайда оған қоса бұл елде "ұят" деген түсінік бар. Ол сөзбе-сөз "стыд" деп аударылады және қоғамдық айыптаудан көрінеді. Онлайн да, офлайн да. Осы құбылыс бойынша әйел кез келген дәстүрлі нормадан ауытқығаны үшін ұятқа қалуы мүмкін. Көшеге қысқа белдемшемен шықтыңыз ба? Ұят. Бірнеше "ухажерыңыз" бар ма? Ұят. Күйеуің қол көтеріп жатқанда, кетіп қалдың ба? Ұят. Әрине, бұл моральдық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге қосымша қысым жасайды", - деді ол.
Сонымен қатар, журналист Салтанат Нүкенованың ісіне қатысты пікір білдірді.
"Салтанат ісі бетбұрыс болды, ол осы түсініктерді өзгертіп жатыр. Бұрынырақта ұят дегеннің әсерінен консервативті ойлайтын халық әйелдерге "көп сөйлеме, ұрыс-керісті сыртқа жайма, үндеме, шыда, сүйіп кетесің" деп келген. Енді міне қыздар үйдегі тирандарға қарсы күресте бірігіп қана қоймай, арнайы заңның қабылдануына да қол жеткізді. Қазір Қазақстанда Салтанат ісі аясында өте қызық оқиғалар болып жатыр. Мүмкін тым-тырыс төңкерістің бір түрін көріп отырған шығармыз. Азаматтық қоғамның жеңісін", - деп жазды Собчак.
Айта кетейік, 19 сәуірде Ксения Собчак YouTube-арнасында Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қабылданған заң туралы айтқан болатын. Сөз арасында журналист Бишімбаевқа қатысты іс туралы да айта кеткен болатын.
"Сотты күн сайын жүздеген адам қарап отыр. Телеграм арналарда адамдар екі негізгі сұрақты көп қояды: үкім қашан шығады және үкім қаншалық әділ болады? Дегенмен "Осторожно медиа" журналистеріне қазақстандық депутаттар заңның қабылдануы Бишімбаев ісіне қатысы жоғын айтты", - деді Собчак.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы әлі де жалғасып жатыр. Оны дүйім жұрт Жоғарғы соттың YouTube каналынан онлайн тамашалап отыр.
Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевты адвокат Лейла Рамазанова, Назкен Құсайынова, Ерлан Ғазымжановтар қорғап жатыр.
Ал марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен оның отбасының адвокаттары – Жанна Оразбахова мен Алия Омарова.
27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.
Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.
Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды:
- аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
- қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).
Сондай-ақ, оның туысы Бақытжан Байжанов та күдікті ретінде қамауға алынды. Оған қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған. Нақтырақ айтсақ, 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу); 434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).