Әйелін өлтірді деген айып тағылып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бүгін елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилерді іріктеу өтті.
Алқабилер алқасына 12 адам таңдалды: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Ашық режимде өтетін келесі сот отырысы сағат 16:00-ге белгіленді.
Бұған дейін Жоғарғы сот алдағы сот отырыстарына қатысты мәлімдеме жасады.
"Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесіне қоғамның жоғары қызығушылығын ескере отырып, осы іс бойынша ашық сот отырыстарының онлайн-трансляциясын ұйымдастыру туралы шешім қабылданды", - деп жазылған еді хабарламада.
Айта кетейік, былтыр Қуандық Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. Қазір сот отырысы өтіп жатыр. Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың бұл бірінші қылмыстық ісі емес.
Ол 2018 жылғы наурызда 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бұрынғы шенеунік пара алу және ақша жымқыру істерінде айыпты деп танылған еді. Бишімбаевтың сот ісі төрт айдан аса уақытқа созылды. Онымен бірге бұл істе 22 адам сотқа тартылған еді. Олар "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ экс-қызметкерлері, кәсіпкерлер және құрылыс компанияларының өкілдері болды. Экс-шенеунік 10 жылға сотталса да, тура 19 ай өткенде бостандыққа шықты.