Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді сот процесі барысында Қуандық Бишімбаев не үшін отбасында бірнеше рет жанжал шығарғанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бүгін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Сот отырысы жәбірленуші тараптан жауап алудан басталды. Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді сотта сөз сөйледі.
Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың арасындағы бірінші жанжал BAU мейрамханасының қызметкерлеріне қатысты болғанын айтты.
"Қуандық мейрамхана қызметкерлерімен өте дөрекі сөйлескен. Сондықтан жанжал басталған", - деді ол.
Келесі жанжал 31 желтоқсанда болған. Айтбек Амангелдінің айтуынша, Салтанат ағасын Бишімбаевтар отбасымен бірге жаңа жылды қарсы алуға шақырған. Айтбек Амангелді Салтанаттың қатты қобалжып жүргенін көрген. Кейін үйге осы іс бойынша сотталушы. яғни Қуандық Бишімбаевтың немере інісі Бақытжан Байжанов жұбайымен бірге қонаққа келген.
"Екі туысы келді, олар шақырылмаған және сәйкесінше (Бишімбаевтар - еск.) олардың келуіне дайындалмаған. Менің білуімше, ол сотталушы Бақытжан Байжанов пен әйелі болды. Олар Қуандық пен Салтанатқа жаңажылдық сыйлық әкелді. Салтанат оларға да сыйлық бергісі келді. Ол Қуандықтан жаңа жылға сыйлық алған. Ал сағат 12-де Қуандық Салтанатқа тағы қосымша әтір сыйлағысы келген", - деді Айтбек Амангелді.
Оның айтуынша, жанжалдың себебі Салтанат осы әтірді қонақтарға сыйлауы болған.
"Қуандық жанжал бастады. "Менің сыйлықтарымды иемденуге қандай құқықтарың бар? Оларды мен сатып алдым. Мен сыйлаймын" деді. Ата-анасы оған ескерту жасады. Бірақ ол ата-анасына араласпауын ескертіп, дөрекі түрде жауап берді. Әкесіне: "бәріне сен кінәлісің. Сен бүкіл өмірімді құрттың, анамның да өмірін құрттың" деді. 15 минутта ол пәтерден шығып кетті", - деп еске алды Салтанаттың ағасы.
Айтбек Амангелдінің сөзінше, мерекелік дастарханға Бишімбаевтың балалары да келген. Ал Қуандық үйге қайта кірген кезде балалар жаңажылдық сыйлықтарды аша бастағанын көрген.
"Түнгі 12-ден кейін балалар сыйлықтарды алып, оларды аша бастады. Осы кезде Қуандық келіп, сыйлықтарын балалар рұқсатынсыз алғанын көрді. Ол ашуланды. "Бұл менің сыйлықтарым! Оларды мен сатып алдым, неге менің сезімімді ойламайсыңдар? Неліктен олай жасайсыңдар?" деді. Балаларға және айналасындағыларға теріс әсер етті", - деді ол.
Жәбірленуші тараптың сөзінше, келесі күні Нүкенова ағасына Бишімбаев үстелді төңкеріп жібергенін айтқан.
"Мен кеше не болғанын сұрадым. Салтанат Қуандық үстелді ыдыс-аяғы, тамағымен бірге, үстел басында отырған адамдармен төңкеріп жібергенін айтты", - деді Айтбек Амангелді.
Айта кетейік, 27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалды. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы.
Кейін Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады.