Биыл соңғы қоңыраудың күні өзгереді

Сағыныш Сардарова 02 мам. 2025 12:28 1654

Биыл соңғы қоңыраудың күні өзгереді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрлік мәліметінше, еліміз бойынша биылғы оқу жылын 3,9 миллионнан аса оқушы қорытындылайды. Екі жүз он жеті мыңнан аса 11-сынып оқушысы мектеп бітіреді.

"Соңғы оқу күні, яғни 23 мамырда еліміздің барлық мектебінде "Білімім Отаныма" тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Бұл - бүкіл білім беру жүйесі үшін маңызды шара, оқушылар мен ұстаздар оқу жылын қорытындылап, ең маңызды әрі қызық сәттерді бірге еске алады. Бірыңғай сынып сағаты оқушылардың бойында білімге ұмтылыс, патриотизм және еңбекқорлық сияқты қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған. Балалардың оқудағы әрбір жетістігі - болашағымыздың іргетасын берік етіп қалаудың негізі", - деп жазылған хабарламада.

Биылғы оқу жылының ресми аяқталуы жексенбі күнмен сәйкес келгендіктен, 11-сынып түлектері үшін салтанатты шара мектеп әкімшілігінің шешімімен 23 немесе 24 мамырда өткізіледі.

"Мектеп форматынан тыс сән-салтанатты іс-шаралар ұйымдастыру, ақша жинау, көлікпен шеруге шығу және басқа да мерекелеу түрлеріне жол берілмейтінін тағы да еске саламыз", - деп ескертті министрлік өкілдері.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар