Биыл әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыға 6,8 трлн теңге бөлінеді

Қаракөз Амантай 06 қаң. 2026 09:42

2026 жылы республикалық бюджеттен әлеуметтік-еңбек саласына 6 трлн 833 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,1%-ға немесе 897,7 млрд теңгеге көп, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Жалпы алғанда, 2026 жылы әлеуметтік-еңбек саласына арналған республикалық бюджет шығындары 6 трлн 833 млрд теңге көлемінде жоспарланып отыр. Бұл 2025 жылғы көрсеткіштен 15,1%-ға немесе 897,7 млрд теңгеге артық. Әлеуметтік-еңбек саласына арналған шығындардың үлесі ЖІӨ-ге шаққанда – 3,7%, ал республикалық бюджет көлеміне шаққанда – 24,6% болады", – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан хабарламада.

Ведомствоның дерегінше, жоспарланған қаражаттың 99,3%-ы (6 трлн 783 млрд теңге) азаматтарға әлеуметтік төлемдерге бағытталады. Оның ішінде:

  • 4 трлн 890 млрд теңге зейнетақы төлемдеріне бөлінеді – бұл 2,6 млн зейнеткерді қамтуға мүмкіндік береді;
  • 1 трлн 893 млрд теңге барлық түрдегі жәрдемақыларды қаржыландыруға жұмсалады, олар шамамен 2,3 млн адамды қамтитын болады.

Қаражаттың қалған бөлігі:

  • мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін қызметтерге,
  • протездік-ортопедиялық көмекке,
  • есту қабілеті бұзылған балаларды сөйлеу-есту жағынан оңалтуға,
  • оңалту орталықтарын салуға,
  • зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерін ұйымдастыру процестерін қамтамасыз етуге және өзге де бағыттарға бағытталады.

"Қазіргі таңда республикалық бюджет есебінен базалық және ынтымақты зейнетақыны қоса алғанда, 41 түрлі әлеуметтік төлем жүзеге асырылады. 2025 жылы жәрдемақы мен зейнетақы төлеуге 5 трлн 858 млрд теңге бөлініп, 4,6 млн адамды қамтыды. Оның ішінде шамамен 2,5 млн зейнеткер және 2,1 млн астам мемлекеттік жәрдемақы алушы бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өз міндеттемелерін толық әрі уақытылы орындады", – деп атап өтті ведомство.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар