"Бұрын болмаған екінші кілт табылды": Қарабалиндер ісінде куәгер күмәнді жайттарды айтты

"Бұрын болмаған екінші кілт табылды": Қарабалиндер ісінде куәгер күмәнді жайттарды айтты
politico.kz коллажы

Атырау облысында Қарабалиндер отбасының қазасына қатысты резонансты іс бойынша сот отырысында марқұм Мақсот Қарабалиннің жиені Фаризат Кенжеғалиева жауап берді. Ол тергеу аяқталғаннан кейін өзіне түсініксіз болып қалған бірнеше жағдайды айтып, күмәнін жасырмады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Куәгердің сөзінше, тергеу жұмыстары біткен соң марқұмдардың үйінің кілті оған тапсырылған. Содан кейін ол үйге күн сайын барып жүрген. Алайда бір күні үйден бұрын болмаған екінші кілт табылып, бұл жағдай оның күдігін күшейткен.

“Тергеу аяқталған соң кілтті маған берді. Мен күнде сол үйге барып жүрдім. Бір күні түстен кейін екінші кілт пайда болды. Оны кім әкелді? Бұған дейін ондай кілт мүлде болмаған. Барлығы бір ғана кілтпен кіріп-шығатын. Полицейлер алғаш келгенде үйге есікті бұзып кіріп, кілтті ішінен тапқан еді”, – деді Фаризат Кенжеғалиева сотта.

Оның айтуынша, қайғылы оқиға болған үйде қонақ күтуге дайындық жасалғандай әсер қалған. Себебі Наурыз Мұқанғалиев туыстарына күйеубаласының отбасымен қонаққа келетінін алдын ала айтқан.

“Ағам мал сойып, ет дайындап қойған. Қонақ күтуге қамданған. Мұндай жағдайға қалай барғанын әлі күнге дейін түсіне алмаймын”, – деді куәгер.

Фаризат Кенжеғалиеваның сөзінше, отбасы жоғалғаннан кейін үйге кіргендер оның ерекше жинақы тұрғанын байқаған.

“Үйге кіргенде бәрі өз орнында тұрғанын көрдік. Үй иелері аз уақытқа ғана шығып кеткендей әсер қалдырды. Ыдыстар жуылған, үй жиналған. Сойылған еттің бір бөлігі тоңазытқышқа салынып қойылған”, – деді ол.

Сотта куәгер тағы бір болжамын айтты. Оның пікірінше, Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыздың телефонын пайдаланып, туыстарымен хат алмасқан болуы мүмкін. Осылайша ол жақындарының күдігін сейілтіп, оларды адастыруға тырысқан болуы ықтимал екенін жеткізді.

“Мен алғашқы күннен бастап ағамның үйінде болдым. Ағам мен жеңгемнің мәйіті табылған кезде де сол жерде жүрдім”, – деді Фаризат Кенжеғалиева.

Қарабалиндер отбасының қазасына қатысты сот процесі қоғам назарында тұр. Іс барысында айтылған әрбір жаңа дерек марқұмдардың жақындары мен көпшіліктің сұрағын одан сайын көбейтіп отыр.