Әлеуметтік желілерде Бурабайдағы ауаның ластанғаны жайлы, швейцариялық IQAir компаниясының деректеріне сілтеме жасалған ақпарат тарады. Алайда ұлттық табиғи парк өкілдері бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Парк қызметкерлерінің мәліметінше, 2023 жылы Бурабайда заманауи метеостанция орнатылған. Ол ауадағы РМ2,5 ұсақ бөлшектердің деңгейін тұрақты түрде тіркеп отырады. 2024 жылғы өлшеулердің қорытындысы бойынша, рұқсат етілген нормадан асып кеткен жағдай тіркелмеген. Яғни, Бурабайдың ауасы санитарлық талаптарға сай және денсаулыққа зияны жоқ.
"Жарияланған деректер нақты жағдайды көрсетпейді. Бұл — сенімсіз ақпарат көздерінен алынған мәліметтер. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлерге кез келген ақпаратты жарияламас бұрын оның дұрыстығын тексеруді сұраймыз", – делінген ұлттық парк хабарламасында.
Сонымен қатар парк өкілдері Бурабайдың әлі де табиғаты ерекше курорт екенін және мұндағы ауа сапасы ресми бақылаулар арқылы дәлелденгенін атап өтті.