Жақында АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі RFE/RL("Азаттық Еуропа Радиосы/Азаттық радиосы") желілерін қаржыландыруды толықтай тоқтатты. Осыған байланысты желінің бірнеше елдегі бөлімшесі жабылып қалу қаупі туындады. Айта кетейік, желінің Қазақстандағы бөлімшесі де бар. "Азаттық" төңірегіндегі мәселеге мәжіліс депутаты Ерлан Саиров пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров "Азаттық радиосы" - Қазақстанның тәуелсіз журналистикасының мектебі екенін атап өтті.
"Парадокс болуы мүмкін. Қазақстандағы әлеуметтік, экономикалық, саяси проблемаларды айта отырып, соны мәдениетті түрде жеткізудің үлгісі деп айтуға болады. Сонымен қатар, "Азаттық радиосынан" қазақтың көптеген жас журналисі ұшталып, әртүрлі салада қызмет етіп жүр. Сондықтан "Азаттық радиосы" еркін журналистиканың, сонымен қатар, мемлекеттік ойлау деңгейін қалыптастыратын әсер етіп жатқан институт деп санаймын", дейді депутат Dalanews.kz-ке.
Трамп бұған дейін бюрократиямен күресу мақсатында бірнеше ведомствоның жұмысын және қызметкерлер санын барынша қысқартуға қатысты жарлыққа қол қойған. Олардың қатарында RFE/RL (“Азат Еуропа/Азаттық радиосы”) мен “Америка Дауысын” бақылайтын АҚШ-тың Жаһандық медиа агенттігі (USAGM) де бар.
АҚШ басшысының шешіміне сәйкес, кейбір мемлекеттік ұйымдар америкалық заңнамада белгіленген ең аз деңгейге дейін өз қызметі мен қызметкерлер санын қысқартуға міндетті. ABC телеарнасының мәліметінше, “Америка Дауысының” америкалық қызметкерлері Трамп бірнеше ведомствоның, соның ішінде USAGM жұмысының тоқтатылуы туралы жарлыққа қол қойғаннан кейін, әкімшілік демалысқа мәжбүрлі түрде жіберілетіні жөнінде хабарлама ала бастаған.
RFE/RL директоры және президенті Стивен Капустың айтуынша, медианың қаржыландыруының тоқтатылуына байланысты жабылуы “АҚШ-тың жауларына жасалған сый” болмақ.
"RFE/RL (“Азат Еуропа/Азаттық радиосы”) гранттық келісімінің тоқтатылуы Американың қарсыластары үшін үлкен жеңіс болды. Ирандық аятоллалар, Қытайдың коммунистік көшбасшылары, Мәскеу мен Минсктегі автократтар 75 жыл өткен соң “Азат Еуропа/Азаттық радиосының” жабылуын атап өтуде. Бұл қадам қарсыластарды күшейтіп, Американы әлсіретеді", деді Капус.
Азаттық радиосы 1950 жылы құрылып, сөз бостандығы шектелген елдерде жаңалықтар тарата бастаған. 2025 жылғы наурыздағы мәлімет бойынша, радиода мыңдаған қызметкер жұмыс істеген.