"Бұл менің бастамам болған жоқ": Айкөл Алекжанова ажырасу туралы айтты

"Бұл менің бастамам болған жоқ": Айкөл Алекжанова ажырасу туралы айтты
Айкөл Алекжанова. Видеодан кадр: Youtube/Aitchy

Арман Жұмагелдиевтің бұрынғы жұбайы Айкөл Алекжанова сұхбат барысында экс-күйеуімен ажырасуы туралы алғаш рет ашық пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның сөзінше, Арманға үкім шыққан кезде өзі Бішкекте болған. Сол уақытта алдымен қызы, кейін өзі қызылшамен ауырып, отбасы үшін қиын кезеңді бастан өткерген.

Айкөл сол сәтте күйеуін тастап кету туралы ой болмағанын айтты.

"Оны осындай жағдайда тастап кету туралы ой болған жоқ. Мен оны тастамадым. Егер ол маған таңдау бергенде... Бірақ ол таңдау берген жоқ", – деді ол.

Бұрынғы жұбайы ажырасу өзінің бастамасы болмағанын да атап өтті. Оның айтуынша, қарым-қатынас барысында екі тараптан да қателіктер кеткен, алайда ол Арманның жағдайын ескеріп, көп нәрсені кешіруге тырысқан. Соған қарамастан, Айкөл ажырасуға нақты не себеп болғанын ашып айтудан бас тартты. Ол бұл мәселенің отбасылық құпия болып қалуы керегін жеткізді.

"Барлық жағдайдың қалай болғанын айтқым келмейді. Бұл – жеке мәселе. Маған мұны қабылдаудан басқа амал қалмады. Ол қайтып оралмайтындай бір шектен өтті. Нақты не болғаны отбасымызда қалуы керек", – деді Айкөл.

Сонымен бірге бұрынғы ерлі-зайыптының арақатынасы толық үзілмеген. Айкөл Арманды ортақ қызының әкесі ретінде қолдайтынын айтты. Оның сөзінше, қызы әкесін ұмытпау үшін оған Арманның суреттері мен видеоларын көрсетіп тұрады.

"Мен оны қолдаймын, ол үшін дұға жасаймын. Қызыма әкесінің суреттері мен видеоларын үнемі көрсетемін. Әкесін танып, есінде сақтағанын қалаймын. Ол өскенде әкесі оны жақсы көретінін, тек қасында бола алмайтынын түсінсе деймін", – деді ол.

Айкөл Алекжанова бұрынғы жұбайымен қарым-қатынасын жеке өмірінің бір бөлігі ретінде қабылдайтынын және кейбір жайттарды көпшілікке жария еткісі келмейтінін жеткізді.