"Бұл жер базар емес": Парламентте шенеуніктер өзара сөзге келіп, жанжалдасып қалды

Қаракөз Амантай 15 ақп. 2024 17:23 3156

Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин мен "Табиғат" экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов арасында жанжал туындады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Дөңгелек үстелде ағынды суды қайта пайдалану әрі су үнемдеу мәселесі талқыланды. Жиын барысында Жаңбыршин мен Елеусізовтің арасында уақыт регламентіне байланысты дау шықты.

"Төраға мырза, мені тыңдауыңызды сұраймын, біз жантүршігерлік техногендік апаттың алдында тұрмыз. Маған жеке сұрақ бойынша сөйлейтінім айтылған болатын", - деді Елеусізов Жаңбыршинге.

Жаңбыршин өз кезегінде спикерден уақыт регламентіне байланысты ереже сақтауын сұрады. Алайда Елеусізов келісе қоймады.

"Мен жеке басыма қатысты су мәселесін айтайын деп отырғаным жоқ. Мен елдегі проблеманы қозғағым келеді. Бұл не деген уақыт? Мәселе мыңдаған адамның өліміне себеп болуы мүмкін. Ал сіз бұл туралы ойлап тұрған жоқсыз", - деп ашуланды ол.

Бұған жауап ретінде Мәжіліс комитетінің төрағасы Елеусізовтен эмоцияға берілмеуін сұрады.

"Тоқтаңыз. Дауыс көтермеңіз. Сабыр етіңіз. Сіз алдымен тыңдаңыз. Біз басында бәрі сұрақ қоятынын айттық. Нақты сұрағыңыз болса, қойыңыз. Сізге сөйлеуге уақыт бердік», - деді Жаңбыршин.

Алайда Елеусізов оған Балқаш көлінің мәселесін айтуға уақыт тапшы екенін айтып, қарсылық білдірді.

"Мен сұрақ қою туралы айтып отырғаным жоқ. Мен бүгін сіздің кеңеске есеп беруге шақырылдым. Мен жай ғана министрлікті қолдап, ұсыныстар айтуға келдім, басқа ештеңе емес", - деді ол.

Осы тұста Жаңбыршин Елеусізовке қатаң түрде ескерту жасады. 

"Асықпаңыз. Дөңгелек үстел әлі аяқталған жоқ. Біз қазір барлығына сұрақ қоюға мүмкіндік беріп жатырмыз. Сұрақ-жауаптан кейін айтарыңыз болса, айтыңыз. Мұнда қоршаған орта мәселесіне алаңдаушылық танытып отырған жалғыз сіз емес. Барлығымыз алаңдаймыз. Жиналысқа кедергі келтірмеңіз. Осы жиналысты басқарып отырған адам бар. Микрофонды өшіріңіз. Әйтпесе жиналыстан мүлдем шығарып жібереміз. Тәртіп сақтаңыз. Бұл жақ сізге базар емес, мемлекеттік орган», – деп ашуланды Жаңбыршин.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар