– Егор мырза, этносаралық тұтастықты, бірлікті нығайту, елімізге әртүрлі себептермен қоныс аударған түрлі этностардың мәдениеті, салт-дәстүрiн сақтау, Қазақстан халқын ортақ мақсатқа жұмылдыру үшін құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясын бүгінде өзге елдер айрықша құрылым деп біледі. Осы орган арқылы елімізде жақсы бірталай іс-шаралар атқарылып жатыр. Еліміздегі қоғамдық-саяси үрдістерге белсене араласқан азамат ретінде Ассамблея жұмысына қандай баға берер едіңіз?
– Қазақ даласы – ежелден ұлан-ғайыр атырапты ен жайлаған ұлттың сан ғасырлық тарихи сырын iшiне бүккен, Жібек жолы арқылы тұтас әлемге ықпал еткен, ұлы хандықтардың туын қадаған, киелі өлке. Соның ежелден бергі қожасы – қазақ халқы. Ашық мойындауымыз керек, бұдан бірер ғасыр бұрын бұл даланың негiзiн тек бір-ақ ұлт, қазақ ұлты құрады. Кейіндеп әлемнің әр түкпірінен түрлі себептермен өзге этностар шоғырланды. Көбі өз еркімен келмеген, тағдырдың жазмышымен, империялық саясаттың зорлық-зомбылығымен келгендер. Қазақ халқының өз жерiнде отырып азшылыққа ұрынған кезі де болды.
Тіпті Тәуелсiздiк туын тіктеген жылдары небары 42 пайыз ғана болғанын қалай ұмыталық. Әлі есімізде, сол кезеңде Қазақстанның бүгiнгiдей бейбіт те мамыражай тірлік кешерiне көп ел күмәнмен қарады. Көршiлерiмiз көбiк ойларының көлеңкесiн түсiруге тырысты. Бұған ішкі, сыртқы факторлар себепші болғаны анық. Сыртымыздан пыш-пыштап, көкейге қонбайтын әңгімелерді айтқандар да кездесті. Қазір ше? Ондай әңгіме айтпақ түгіл, ырысы шайқалмай, түтіні түзу ұшқан елімізге қызыға да, қызғана да қарайтындар жеткілікті. Бұл – Қазақ елінің меймандостығын, мемлекеттік саясаттың дұрыстығын көрсетеді.
Өз басым Қазақстан халқы Ассамблеясын бүгінгі тыныш ұйқымызға ұйытқы болған құрылымдардың бiрi деп есептеймін. Кезiнде мұның біз үшін не керегі бар дегендер де табылды. Қазiр уақыт өте келе бәрі Ассамблеяның керектігін түсiндi ғой деп ойлаймын.
– Кезiнде қазақ жерiне неміс ұлтының түрлі жағдаймен қоныс аударғанын білеміз. Қазақ ешбір ұлтты шет қақпайлап, кеудесінен керi итерген емес, қонақжайлылық, ізеттілік танытты. Бұл туралы, жалпы қазақтың ұлттық ерекшелігі туралы өскен ортаңыз – ата-анаңыздан қандай лебіз, пiкiр естуші едіңіз?
– Жоғарыда айтқанымдай, тағдырдың айдауы мен қазақ топырағын мекендеген ұлттар жеткілікті. Сонын бiрi – немiстер. Бiрақ осы кезге шейiн бiрде-бiр немiстiң қазақтарды жамандағанын, олар туралы жағымсыз пікір айтқанын естімеппін. Бәрi сiздердiң кең пейiлдерiңiзге, бауырмалдықтарыңызға сүйінумен келедi. Бiр елден бiр елге қоныс аудару түгіл, бір ауылдан бiр ауылға көшудің қиындығын халық біледі.
Біздің ата-аналарымыз да арып-ашып келгенi шүбәсіз. Бiрақ сол кезде үйіне паналатқан кім? Қазақ. Жарты күлшесін бөліп берген кім? Қазақ. Бұрыннан тамыр-таныс, туысқаны секiлдi көрдi бiздi.
Бала кезімде үлкен кiсiлер қазақтардың осыншама кеңдiгiне таңырқасып, кішіпейіл, батыр, енбекшіл халық, тек тарихи мүмкіндігі болмаған, егер қазақтарға орай туатын болса, әлемнің таңдаулы ұлтына айналады деп отырушы еді. Ол кездері мұндай сөздерге онша мән бермеуші едік. Кейіндеп түсiндiк қой, ол кісілер неліктен олай айтатынын. Адам көре жүрiп қалыптасады екен.
Есейген, егде тартқан сайын өзге ортаға, өзге ұлттың болмыс-бітіміне жіті бақылау жасайсың. Сонда бағзы қарттардың тегiн айтпағанына көз жеткізесің. Бүгiнгi қазақ ұлты кешегіден сергек, алғабасар, адуынды. Әсіресе, жастардың өзіне деген сенімі мол. Төзімділігі, әлеуметтік түрлі қиыншылықтар кездессе де мойымайтын жалындылығы таңдантады. Неміс халқы қазақтарға ерекше ілтипатпен қарайды. Бұған ел Президенті болып Қасым-Жомарт Тоқаев сайланған сәтте, ұялы телефонымызға Германиядан ағылған құттықтау хабарламаларды айтсақ та жеткілікті.
– Қазақстанның болашағы – қазақ тiлiнде. Неміс ұлтының өкілдері арасында мемлекеттiк тiлдi игеруге құлшыныс бар ма? Өзiңiз қай дәрежеде бiлесiз?
– Қазақстанда қазақ тілі дамиды. Оның даму үрдісін ешкім тежей алмайды. Тәуелсіздік алғандағы қазақ тілінің жағдайымен бүгiнгi мезеттегі жағдайды салыстыруға келе ме? Ол кездері халықтың психологиясында тілді үйрену түгіл, оның қажеті болады-ау деген информация жоқ болатын.
Қазір көпшілік қазақ тілінің қажеттігіне, оны үйрену керектігіне күмәнданбайды. Бәрiнiң бiлгiсi келеді. Бұл – алдағы жетістіктердің негiзгi тiрегi. Психологиялық кедергiлердi жоймай, тілді үйрену қиын. Қаншама мектеп салынды, балабақшалар, тіл үйрету орталықтары, сөздіктер, жексенбілік мектептер ашылды. Қазір ел тұрғынының 70 пайыздан астамы – қазақ. Ендеше, солардын көбiсi қазақ тілін біледі. Мен қазақтардың қазақ тiлiн бiлмеймiн дегеніне сенбеймін. Өте жақсы түсініп кетпес, «Абай жолын» толықтай оқып-түсінуге шамасы келмес бәзбіреулердің, бірақ ауызекі сөйлей алады. Тiл бiлмейтiндерi азын-аулақ. Оны кейбір саяси топтар ушықтырып, қазақтар қазақ тілін білмейді деген ұранға ұластырғысы келеді. Ал бұған түркітілдес ұлттарды қосыңыз. Олар қазақ тiлiн бiлмейдi деп кім айтады? Қазір өзге ұлттардың арасында мемлекеттік тілді меңгерген жастар көп. Неміс жастары да көп мемлекеттік тілде сөйлей де, жаза да алатын. Ал өзіме келсем, қазақтардың арасында өстім, қызметте бiрге болдым, кұдам – қазақ. Демек, менің бейресми түрде тiлдi үйренуiм тым ертеден басталды. Иә, сөйлеуге сәл шорқақтаумын. Оны жасырмаймын. Бiрақ айтқан әңгіменің 80 пайызын түсінемін.
– Естуімізше, Тәуелсіздік жылдары тарихи отанына көшкен немістердің кейбiрi Германиядан Қазақ топырағына қайта оралып жатыр дейді. Бұл шындыққа қаншалықты жақын? Егер солай болса, мұның себебі неде деп ойлайсыз? Әлеуметтік, психологиялық астары бар ма?
– Бұл рас. Тәуелсiздiк жылдары Германияға үдере көшу белең алды. Меніңше, тарихи отанына көшкен немiстердiң көбi дүрмекпен ойланбай көшті. Оларға Қазақстан тарапынан ешқандай қысым көрсетілген жоқ. Қайта, осы елде тұра бергендерін қалады. Бірақ біреудің ата-анасы қоныс аударды, онын артынан бала-шағасы, туыс-туғандары шұбырды. Бұл жоспарсыз, мақсатсыз көшу еді. Ол жақтағы саяси жүйе, қалыптасқан тiршiлiк бұл жаққа мүлдем ұқсамайды. Қазақтардың дарқан мiнезiн, қонақжай салтын бойға сiңiргендер үйлесе алмады ғой деп ойлаймын. Көбi болмаса да, бірсыпырасы қайтып оралды. Бұл саналы түрде оралу еді. Мұнда ата-аналары жерленген, қимайтын достары, жегжат-жұрағаттары, кәсiптерi, қазақтың кішіпейілдігі бар. Соны сағынды, сарығын басу үшін елге қайтты...
– Бүгінгі қазақ жастарының білім деңгейіне көңіліңіз тола ма? Қазаққа басқа ұлттың өкілі ретінде сын көзбен қарайсыз ба? Нені байқайсыз ондай кездерде?
– Қай ұлт болса да, кім болса да ұрпағының болашағын ойламай тұрмайды. Бiлiмдi, бiлiктi, елге сыйлы азамат болса екен деп армандайды. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген мақал бар ғой қазақта. Мың жасайтын ұрпағының болашағын ойламайтын пенде болсын ба? «Ел болам десең – бесiгiңдi түзе» деген қағиданы қатты құрметтеймін. Бәсекеге қабілетті ұлт болу үшін соған сай ұрпақ тәрбиелеу керек.
Қандай игілік, жақсылық болса да, алдымен жастарға жасалуға тиiс. Мен қазақтардың арасында жиi боламын. Құдам қазақ болғасын, түрлі жағдаяттар болады. Сонда қазақ жастарының үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтынына куә болып жүремiн. Қазақ жастарының алғырлығына, парасаттылығына күмәнім жоқ. Өзiңде болмаса да өзгеге күйiнетiн, пайдам тисе екен деп ойлайтын көпшiлдiгiне өзгелер сынай қарайтын болар, өз басым ризалықпен қараймын.
– Қазақ баласы немiстiң ұлы ақыны Гетені ерекше құрмет тұтады. Тіпті кейбір әдебиет зерттеушiлерi Гете мен Абай поэзиясындағы үндестік туралы арнайы зерттеулер жүргізуде. Өзiңiз осы екi тұлғаның қандай қасиеттерi ұқсас деп ойлар едіңіз?
– Мен екi тұлғаны бiр-бiрiнен айырмаймын. Бiрiн-бiрi толықтырушы күш, тұтас жаратылыс секiлдi. Екi алыпты салыстырып оқыр болсаңыз, бұған көзiңiз жете түседi. Екеуi де әлем әдебиетінің ұлы классиктері, ойшылдары. Бұлар екі ұлттың өкілі бола тұра, адамзаттық деңгейге көтерiлген тұлғалар. Бірі дала ақсүйектерiнiң сан ғасырлық тағылымын бойына жинап, сол даласы секілді ұзақ болашаққа көз тіккен, ой қыранын самғатқан, бiрi өркениеттердiң өркешінен ұлық дүниеге зер салған. Абайы мен Гетесі бар ұлттардың рухани тамырластығы ажырамайды деп білем.
– Қазақтың көркем әдебиетiн оқисыз ба?
– Менің үйімде Құран Кәрімнің, «Абай жолының», Абай шығармаларының қазақшасы бар. Бос уақытымда оқуға тырысамын. Толық түсiнбесем де, ондағы жазылған көркем мәтіндердің астары терең, мағынасы кең екеніне көз жеткіземін. Әсіресе тәрбиелік мәні зор Мұхтар Әуезовтің шығармаларын, аударма арқылы қазақшасымен салыстырып оқимын. Шынымды айтсам, қазақ тілінің орасан байлығына бас шұлғумен келемiн.
– Қазақ мәдениеті десе сіздің көз алдыңызға не елестейді?
– Домбыра, сол домбырамен ұзақ күйді яки жырды толғаған қарт, оның айналасына топтасып, ұйып тыңдаған жұрт елестейді дәстүрлі мәдениетінен. Түгемейтiн, бiрiнен бiрi өтетін эпостарын дәуірлер бойы қалай жадында сақтап келген деп таңырқаймын. Бұл ұлт жадының ерекше коды. Оған таңдай қақпау мүмкін емес. Қазақтың таза Ислам дінін ұстауы, тарихи ескерткiштердi сақтап, оны кие тұтуы, бабаларын естен шығармай, Құран бағыштап, кесенелерiн қорғауы менi риза етеді. Сол үрдісінен жаңылмаса екен деп тiлеймiн!
Әңгімелескен Ержан ҚАМАЛБЕКОВ