“Буча ойдан шығарылған”. Атышулы Байділдинов Ресейге қатысты пікір айтып тағы көзге түсті

Қаракөз Амантай 25 жел. 2025 12:12

Қаржы сарапшысы Олжас Байділдинов әлеуметтік желіде тағы да сынға ұшырады. Асқар Баталовтың жарына берген сұхбатында ол Ресейдің Украинаға  жасаған шабуылын ақтап алуға тырысқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Байділдинов депутат Ермұрат Бәпидің Украина Ресей агрессиясынан қорғануға мәжбүр екені жайлы айтқан сөздерін еске алды.

“Ермұрат Бәпи деген депутатымыз айтады: біз Украинадан бірдеңе талап етуге құқымыз жоқ, өйткені ол өз территориясына басып кірген агрессорға қарсы қасиетті соғыс жүргізіп жатыр. Меніңше, парламент агрессорды сипаттау немесе “агрессор емес” деп бағалау құқығына ие бола алмайды. Қасиетті соғыс немесе қасиетті емес соғыс дегеннің критерийі қандай? Логикалық тұрғыдан қарасақ, парламент – заң шығарушы орган ғой” – деп пікір білдіреді Олжас.

Сұхбат алушы Ақмарал Баталова да сарапшының сөзіне қосылып, Ресейді қорғауға тырысқан. Ол Бучада болған оқиғалар “ойдан шығарылған” деп айтады.

“Қазақстандық депутат көрші, стратегиялық серіктес мемлекетті "агрессор" деп атап отыр. Бұл өте оғаш көрінеді. Сонымен қатар сіздер Украинаға киіз үйлер жеткіздік деп айттыңыздар. Алғашқысы Бучада берілді, онда арнайы операция өткізілген. Бұл – Украина ҰҚК жүргізген операция. Бұл фактіні батыс елдері мойындады. Сондықтан Буча жайлы Макрон ғана кездейсоқ сөз етті. Бүгінгі күнге дейін деректерден, бейнематериалдардан, әлеуметтік желіден көрініп тұрғандай, орыстар ешкімді өлтірмеген. Бучада орталық көшелерде шахмат тәрізді қойылған денелер әскерилер немесе Ресейді қолдаған адамдар, оларды жай ғана атып тастаған”, – дейді Баталова.

Алайда ол осы оқиғаларға куә болғандарды тілге тиек етсе де, нақты фактілерді келтірмейді.

Айта кетейік, сұхбат алушы Ақмарал Баталованың жеке бағдарламасына көп жағдайда ресейшіл сарапшылар қонақ болып келеді.

Еске салайық, қаржы сарапшысы Олжас Байділдинов сыннан көз ашпай келеді. Бұған дейін ол қоғамдық көліктердегі жолақысы 500 теңге болуы тиіс деп пікір білдірген еді. Араға ұзақ уақыт салмай, “Қазақстан антиресейлік бағытқа бет алды” деген мәлімдемесімен тағы да қоғамның ашуына тиді. Ал 2022 жылы Қанды қаңтар оқиғасы қарсаңында сарапшы Олжас Байділдинов сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты ел арасында пікірталас тудырды. Ол кезде Байділдинов “газ бағасының 15–20 теңгеге өсуі айтарлықтай шығын емес, біз интернетке одан да көп төлейміз” деп мәлімдеп, халықты “қоғамдық көлікке көшуге” шақырған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар