9 қыркүйекте Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 100 доллардан асты. Мұндай көрсеткіш соңғы рет шілде айының соңында тіркелген еді. Сауда барысында мұнай бағасы 100,2 долларға дейін көтеріліп, кейін аздап төмендеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бағаның өсуіне Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы себеп болды. АҚШ әскері Иранның мұнай тасымалдайтын танкерлеріне соққы жасағанын хабарлады. Бұған жауап ретінде Иран Иорданиядағы америкалық нысандарға және Ормуз бұғазы маңындағы кемелерге шабуыл жасады. Сонымен қатар хуситтер Сауд Арабиясының мұнай нысандарына шабуыл жасаған.
Осы оқиғалар Таяу Шығыстан мұнай жеткізу қиындауы мүмкін деген қауіп туғызды. Нарық қатысушыларын әсіресе Ормуз бұғазындағы жағдай алаңдатып отыр. Өйткені әлемде өндірілетін мұнайдың едәуір бөлігі осы бұғаз арқылы тасымалданады. Егер мұнда кеме қозғалысы шектелсе, мұнай тапшылығы туындап, баға одан әрі қымбаттауы мүмкін.
Мұнайдың қымбаттауы Қазақстанға қосымша табыс әкелуі ықтимал. Бұл экспорттан түсетін кіріс пен бюджетке түсетін қаражаттың өсуіне әсер етеді. Алайда Қазақстан мұнай тасымалдауда Ормуз бұғазына тәуелді емес. Отандық мұнайдың басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы Қара теңізге шығарылады.