Бразилия Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктерін талдауды аяқтады

Көркем Алдабергенова 07 қаң. 2025 09:51 3985

Бразилияда Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктерін талдау аяқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бразилиялық БАҚ-тың мәліметінше, елдің әуе күштері Embraer ұшағының қара жәшіктерін талдауды аяқтап, материалдарды Қазақстанға жібереді. Материалды Бразилияның үш тергеушісі, сондай-ақ Әзербайжан мен Ресейдің агенттері талдаған.

Апатты талдауға және тергеуге жауапты мекеме қара жәшіктегі материалдарды қазақстандық авиациялық апаттарды тергеу органына жібереді және апат туралы қорытынды есеп жарияланады.

Айта кетейік, 2024 жылы 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.

Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.

Қайғылы оқиғадан кейін Әзербайжанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Түсте бүкіл ел бойынша мемлекеттік тулар түсіріліп, көліктер тоқтады. Әзербайжандықтар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Кейінірек Чикаго конвенциясының 13-қосымшасына сәйкес Қазақстан Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық органдарымен ақылдасқан соң, ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын комиссия Embraer ұшағының қара жәшігін Бразилиядағы CENIPA орталығына жіберу туралы шешім қабылдады.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар