БҚО-дағы Хан тоғайындағы өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр

БҚО-дағы Хан тоғайындағы өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр
ТЖМ видео кадры

Батыс Қазақстан облысындағы Хан тоғайы орман-паркі аумағында шыққан өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда. Тілсіз жауды ауыздықтауға екі тікұшақ жұмылдырылып, орман шаруашылығы мен төтенше жағдайлар қызметінің бөлімшелері жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Өрт туралы ақпарат 27 шілде күні сағат 13:35-те түскен. Алғаш болып оқиға орнына Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері барған. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт электр беру желісінің тірегі құлап, қысқа тұйықталу салдарынан шыққан.

Өртті сөндіруге Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің күштері, Қошым орман бөлімшесінің қызметкерлері, сондай-ақ Атырау қаласы мен Ақжайық ауданындағы Чапаев ауылынан келген авиация жұмылдырылған.

БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, жалын шамамен 15 гектар аумақтағы үйеңкі мен шаған ағаштарын шарпыған.

Өртті ауыздықтау жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» АҚ мен Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты «Қазавиаорманқорғау» РМК-ның тікұшақтары да тартылды. 28 шілде сағат 01:00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге 80-ге жуық адам, 10 бірлік жерүсті техникасы және екі тікұшақ қатысқан. Әуе техникасы жалпы көлемі 68 тонна суды 46 рет төккен.

Куәгерлердің айтуынша, қою түтін Орал қаласының орталығына, Зачаганск кентіне және оған іргелес аудандарға дейін тараған. Кейбір тұрғындар күл жауғанын да хабарлаған.

Орал қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, аптап ыстық пен қатты желдің әсерінен қаланың жекелеген аудандарында электр энергиясы уақытша өшкен. Соның салдарынан шамамен 800 абонент жарықсыз қалған. Қазіргі уақытта электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.