Батыс Қазақстан облысында мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға арналған мемлекеттік сатып алулардың бір топ мердігердің айналасында шоғырлануы қоғамда сұрақ тудырып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ашық дереккөздегі хаттамаларды талдау көрсеткендей, БҚО құрылыс басқармасын басқаратын Нұркен Молдашев басшылық ететін жүйе ондаған миллиард теңгені бірқатар компания арасында бөліп келген. Әсіресе ірі нысандардың жиі жағдайда бенефициары шетел азаматы болып табылатын компанияларға берілуі көзге түседі, деп жазады Arasha.kz.

Ірі тендерлердің басым бөлігі бір компанияда
Деректерге қарағанда, БҚО әкімі Нариман Төреғалиев жетекшілік етіп отырған кезеңде өткен ірі тендерлердің ортақ сипаты айқындала бастаған.
Мәселен, тек биылдың өзінде Ақсай қаласында Бөрлі аудандық ауруханасына жапсарлас стационар салу жобасы бюджетке 3,9 млрд теңге түскен. №80435243-КРБС1 лоты бойынша жеңімпаз - «АЛЬТАИР» ЖШС, жоспарлы сома - 3 906 305 435 теңге. Хаттамаға сәйкес, компанияның бенефициары - Ресей азаматы Александр Андреевич Потиченко.

Білім беру нысандары да «таныс» компанияларға беріліп жатыр
Талдау білім беру объектілеріне арналған тендерлердің де тар шеңбердегі фирмалар арасында үлестірілетінін көрсетеді.
Үлкен Шаған ауылындағы 420 орындық мектеп - 2,26 млрд теңге. №80056331-КРБС1 лоты бойынша жеңімпаз - «Болашақ – Т» ЖШС. Екінші орында - қайтадан «АЛЬТАИР».
Бөрлі ауылында 900 орындық мектеп құрылысы - жоспарлы сома 4,09 млрд теңгеден асады. Жеңімпаз - «АЛЬТАИР» ЖШС. Екінші орын - «Альтаир-СК 7» ЖШС.

Володарское ауылындағы 308 орындық мектеп - шамамен 2,23 млрд теңге. Тағы да «АЛЬТАИР» жеңіп шыққан, екінші орында - «СКФ Отделстрой» ЖШС.
5,9 млрд теңгелік аурухана реконструкциясында да таныс фирмалар
БҚО Казталов аудандық ауруханасын реконструкциялау жобасы - құны 5,9 млрд теңгеге бағаланған ең қымбат тендердің бірі. Жеңімпаз «MIR-A Construction» ЖШС болғанымен, финалға шыққандар арасында тағы да «АЛЬТАИР» бар - яғни негізгі бәсекелестер қатарынан түспей келеді.

Жалпы алғанда, мемлекеттік тапсырыс бірнеше компанияның айналасында айналып, миллиардтаған теңгенің бір бағытқа шоғырлануына себеп болып отыр.
Бәсекелестік бар, бірақ сұрақ көп
Құжаттарда тәжірибе, салық төлемдері, лицензиялар және орналасқан жер секілді талаптар толық көрсетілгенімен, өңір тұрғындары үшін басты сұрақ ашық күйінде қалып отыр:
Неліктен БҚО-дағы мектеп, аурухана сияқты маңызды нысандардың құрылысы үнемі бір топ компанияның қолына беріледі? Оның ішінде бенефициары шетел азаматы болатын фирмалар неге жиі алға шығады?
Бұл жағдай автоматты түрде заң бұзушылықты білдірмейді. Алайда бірдей компаниялардың қайта-қайта жеңіске жетуі, тендерлер көлемінің ірі болуы және қаржының шоғырлануы - қоғам тарапынан ашық бақылаудың маңызын күшейтеді.
Әсіресе әңгіме бюджет есебінен салынатын әлеуметтік инфрақұрылым туралы болғанда, бұл тақырыптың өзектілігі одан сайын арта түседі. Құрылыс сапасы да, өңір халқының өмір сапасы да тікелей осы жобаларға байланысты.
