БҚО-да дәрігерді өлтірген СОБР-дың бұрынғы қызметкері ұзақ жылға сотталды

Көркем Алдабергенова 22 мам. 2025 09:28

Батыс Қазақстан облысында дәрігерді өлтірген СОБР-дың бұрынғы қызметкеріне үкім шықты. Ол 10 жылға сотталды деп хабарлайды Dalanews.kz.

2024 жылғы 17 қарашада Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында 30 жастағы фельдшер Дияр Тұйысов ауыр соққыдан кейін көз жұмды. Ол сол түні жұмыстан үйіне қайтып бара жатып, достарының үйінде кідіріп қалған. Сол түн — оның тұңғыш баласы дүниеге келген күн болатын.

Тергеу материалдарына сәйкес, сағат 23:00 шамасында Диярдың ішімдік ішкен досы сыныптас қызға қателесіп қоңырау шалып, қарыз сұрамақ болады. Алайда бұл қоңырау қыздың күйеуіне ұнамай, сөзге келіп қалған. Осыдан кейін әйел өз інісі – бұрынғы СОБР қызметкері, 23 жастағы Алихан Биғазиевке шағымданады. Биғазиев бір топ досымен бірге "қарындасының намысын қорғауға" шығады.

Алдымен олар бір жігітті үйінен тауып, соққыға жығады. Одан кейін көшеде көлік ішінде отырған тағы бірнеше жігітті, оның ішінде Дияр Тұйысовты кездестіреді.

– Алихан Биғазиев күш құрылымында жұмыс істеген, жауынгерлік дайындықтан өткен, физикалық күші жоғары адам болған. Ол Диярдың басына ауыр соққы жасап, денсаулығына қауіп төндіретінін білген, – делінген сот құжаттарында.

Кейін 24 жастағы Еламан Досқалиев Диярдың басына кемінде үш рет соққы жасаған. Дияр Тұйысов алған жарақатынан ауруханада көз жұмды. Сараптама оның өліміне жабық бас-ми жарақаты мен миға қан кету себеп болғанын анықтады.

Ауруханада тағы бір ауыл тұрғынына шабуыл жасалған: Еламан Досқалиев пен үшінші айыпталушы – 19 жастағы Мирлан Нұрсұлтанов тағы бір азаматты соққыға жыққан.

Сотта айыпталушылар бірігіп әрекет еткендерін жоққа шығарды. Алайда марқұмның туыстары бұған сенбейді. Дияр Тұйысовтың әкесі Берік Иржанов:

– Ұлым фельдшер болып жұмыс істеді, адамдарға көмектесуге әрқашан дайын еді. Ол қаншама баланы босандырып, талай адамның өмірін сақтап қалды. Ал оның өмірін сол адамдар қиып кетті. Балам ешкіммен жанжалдаспайтын, өте жайлы адам еді. Мен әділ үкім шығарылып, барлық кінәлі жазаға тартылуын талап етемін, – деді.

Сот шешімімен Алихан Биғазиев ҚР ҚК екі бабы бойынша – «Адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» және «Сабау» – кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда өтейді.

Айта кетейік, оқиға кезінде Биғазиевтің полиция қатарында екені сотта дәлелденсе де, облыстық ПД ол полиция қызметкері емес деп мәлімдеген. Олар Биғазиевтің ішкі істер органдарынан шығарылғанын айтқанымен, бұйрық нөмірі мен жұмыстан шығарылған күнін ұсынудан бас тартқан.

Еламан Досқалиев те дәл сол баптар бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталды. Ал үшінші айыпталушы Мирлан Нұрсұлтанов «Бұзақылық» бабы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Судья Әлия Теберикова үкімді жария етіп:

– Сот айыпталушылардың кінәсін толық дәлелденген деп есептейді. Үкімге апелляциялық тәртіппен шағым түсіруге болады, – деді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар