БҚО-да блогерге қатысты іс: аудан әкімдері жәбірленуші ретінде танылды

Көркем Алдабергенова 30 қаң. 2026 11:00

Орал қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі сотта 43 жастағы блогер Айболат Букеновке қатысты іс қарала бастады. Ол алаяқтық, бопсалау және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бойынша айыпталып отыр. Істі судья Динара Гильманова қарауда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Мой город" мәліметінше, тергеу материалдарына сәйкес, аталған қылмыстық іс бойынша жәбірленуші ретінде Батыс Қазақстан облысындағы бірнеше ауданның әкімдері мен шенеуніктері танылған.

Атап айтқанда, Тасқала, Сырым және Ақжайық аудандарының әкімдері, Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары, Жаңақала ауданы әкімі аппаратының басшысы, Сырым ауданының сәулет бөлімінің жетекшісі және мәслихат депутаты Борис Лаврентьев жәбірленушілер қатарында.

Тергеу нұсқасы

Айыптау тарапының мәліметінше, Айболат Букенов әлеуметтік желілерде блогерлік қызметпен айналысып, БҚО тұрғындарының мәселелерін көтеріп, жергілікті билікті сынға алған. Осылайша ол мыңдаған оқырман жинаған.

Прокурор Асхат Тлеулиевтің айтуынша, кейін блогер танымалдығын жеке пайдасына пайдалануды көздеген.

Алғашқы эпизод 2025 жылдың сәуірінде тіркелген. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғын әйелге көмектесемін деп уәде берген блогер бейнежазба түсіріп, резонанс тудырып, жаңа баспана алып беремін деген. Бұл қызметі үшін ол 170 мың теңге талап етіп, ақшаны екі бөлікпен алған.

Қайырымдылық желеуімен жиналған қаржы

Айыптау актісіне сәйкес, кейін Букенов танысының кітабын шығаруға көмектесемін деген желеумен әлеуметтік желіде қаржы жинаған. Жиналған 200 мың теңгені авторға аударғанымен, ақша жинауды жалғастырған.

Осыдан кейін ол бірнеше аудан әкімдеріне, бөлім басшыларына және мәслихат депутатына жүгініп, демеушілік көмек сұраған. Шенеуніктер жеке қаражаттарынан 50 мыңнан 200 мың теңгеге дейін ақша аударған.

Тағы бір эпизод кездейсоқ туындаған. Тергеу дерегінше, блогер танысымен бірге ішімдік ішіп отырғанда Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы БҚО-ға іссапармен келгенін білген. Осыдан кейін ол Сырым және Тасқала аудандарының әкімдеріне хабарласып, «құрметті қонаққа дастарқан жаю қажет» екенін айтқан.

Нәтижесінде әкімдер 50 мың және 40 мың теңгеден аударған. Алайда бұл қаражат блогердің жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.

Бопсалау дерегі және ұстау сәті

Бопсалауға қатысты тағы бір эпизод Жаңақала ауданы әкімі аппаратының басшысына байланысты тіркелген. Блогер Facebook желісінде жергілікті билікті сынайтын жазбалар жариялаған.

Посттарды өшіру үшін ол делдал арқылы 1 миллион теңге талап еткен. Алдымен 200 мың теңге блогердің жұбайының есепшотына аударылған. Кейін шенеунік ҰҚК департаментіне жүгінген.

Қалған 300 мың теңгені алу кезінде Айболат Букенов қылмыс үстінде ұсталған.

Құмар ойын және «ақшаны заңдастыру» бабы

Прокурордың мәліметінше, алынған қаражаттың бір бөлігі букмекерлік кеңселердегі ойындарға жұмсалған. Жалпы сомасы - 830 мың теңге. Нәтижесінде блогер 1,2 млн теңге ұтып алған.

Бұл әрекет қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру ретінде бағаланып отыр.

Соттағы ұстанымдар

Сотта жәбірленуші ретінде танылған барлық мемлекеттік қызметкерлер материалдық шығынды толық өтеуді талап етті. Ал жазалау түрін соттың қарауына қалдырды.

Айболат Букенов өз кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеуге дайын екенін мәлімдеді.

- Кітапқа қатысты ақшаны авторға қайтарып бердім. Түсірілім үшін алынған 170 мың теңгені оператор екеуміз тең бөлістік. Ал бопсалау мәселесіне келсек, ол мүлде басқаша болды. Маған құда шақырып, несиелерім туралы сөз болды. Ол ставкалардан миллион ұттым деп, 200 мың теңге жіберді. Маған уақыт беріңіздер, бәрін қайтарамын, - деді ол сотта.

Осыған байланысты іс қысқартылған тәртіппен қаралып жатыр.

Сот отырысы 30 қаңтарда жәбірленушілерден жауап алу кезеңімен жалғасып, одан кейін тараптардың жарыссөзіне өтпек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove