"Қаладан ауылға" бағдарламасы аясында Бастыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы бойынша бірнеше ауылдық округте жаңа тұрғын үйлердің құрылысы басталды, – деп хабарлайды Dalanews.kz
Бағдарламаның басты мақсаты – ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік нысандарды көбейту, сондай-ақ ауыл тұрғындарын сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету арқылы ел ішінде ішкі көші-қонды тиімді реттеу.
Ж.Молдағалиев ауылдық округі
Жеке кәсіпкер Мершат Әділбекұлы Жәрдемовтің тапсырысымен екі тұрғын үйдің құрылысы қолға алынды:
- Т.Сұлтанғалиев көшесі, 16А мекенжайында орналасқан екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы 2025 жылғы 1 сәуірде басталып, 15 маусымда толық аяқталады деп жоспарланып отыр.
- С.Сейітов көшесі, 3А мекенжайында салынып жатқан екі пәтерлі тағы бір тұрғын үйдің құрылысы да жоғарыда аталған мерзімдер арасында жүзеге асырылуда (01.04.2025 ж. – 15.06.2025 ж.).
Бұл үйлер қазіргі заман талаптарына сай салынуда және болашақ тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін қажетті барлық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.
Сайқұдық ауылдық округі:
«Арт-строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде:
- Кең дала көшесі, 3А мекенжайында орналасқан үш пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы "Қаладан ауылға" бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың 1 сәуірінде басталып, 1 тамызда аяқталады деп күтілуде.
- Ы.Алтынсарин көшесі, 2А мекенжайындағы екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы да дәл осы мерзім аралығында (01.04.2025 ж. – 01.08.2025 ж.) жүргізілуде.
Жаңа тұрғын үйлердің салынуы – ауылдағы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жас мамандарды тартуға және ауылдық өңірлердің тартымдылығын арттыруға ықпал ететін маңызды қадам. Сонымен қатар, бұл бастама халықтың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, ауылдағы еңбек ресурстарын сақтауға да мүмкіндік береді.
Аталған жобалардың жүзеге асырылуы жергілікті әкімдіктің тұрақты бақылауында. Құрылыс сапасына, мерзімінде аяқталуына және пайдалануға тапсыру талаптарына ерекше мән берілуде.