Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Ресейде жануарлар арасында тараған қауіпті ауруларға байланысты жағдайға пікір білдіріп, оның Қазақстанға қаншалықты қатер төндіретінін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, Ресей өңірлерінде мал ауруларының өршуіне байланысты елде қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Өткен аптада шұғыл түрде қажетті ветеринарлық препараттарды сатып алу және малды жаппай вакцинациялау туралы шешім қабылданған.
Бозымбаевтың айтуынша, қазір Қазақстанда, әсіресе шекара маңында ветеринарлық бақылау күшейтілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр.
Сонымен қатар ол Қазақстан аумағында әзірге жануарлар арасында аса қауіпті аурулардың ауыр жағдайлары тіркелмегенін атап өтті.
Бұған дейін Қазақстан Ресейден әкелінетін және Ресей аумағы арқылы өтетін малға, термиялық өңдеуден өтпеген жем-шөпке, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдеріне уақытша шектеу енгізген болатын. Мұндай шара көрші елдегі эпизоотиялық ахуалдың нашарлауына байланысты қабылданған.
Еске салайық, бұған дейін Ресейдің бірқатар өңірінде жануарлар арасында құтыру мен пастереллез ауруларының өршуіне байланысты төтенше жағдай режимі енгізілген еді.
