Бостандыққа шыққан Боранбаев шетел аралайын деді ме? Бұл жағы белгісіз. Алайда Парижге шақырту келіпті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Клубтың баспасөз қызметі мәліметіне сүйенсек, сотты болған құда Парижде өтетін УЕФА Ұлттар лигасының 2024/25 топтық кезеңінің жеребе тарту рәсіміне қатысады.
"УЕФА Әділ ойын және әлеуметтік жауапкершілік комитетінің екінші вице-төрағасы қызметін атқаратын, сондай-ақ, УЕФА Балаларға арналған қорының басқарма мүшесі Боранбаев Қайрат Советайұлы ресми шақыру алып, УЕФА-ның 48-конгресі мен Парижде өтетін УЕФА Ұлттар лигасының 2024/25 топтық кезеңінің жеребе тарту рәсіміне қатысады", - деп жазылған клубтың хабарламасында.
Былтыр 6 қарашада Қайрат Боранбаев бостандыққа шықты. Ал бұған дейін наурызда ол 8 жылға сотталды. Қыркүйекте жаза мерзімі 6 жылға дейін қысқарды. Сонымен қатар, бай құда Астананың орталығындағы 4 жұлдызды қонақүйді, басқа да біраз мүлікті мемлекет меншігіне тапсырды. Ал аумағы бес мың шаршы метрден асатын қонақүй кешенінің жылдық айналымы шамамен 900 миллион теңгеден асады.