Боранбаев мемлекетке 90 млрд теңгенің мүлкін қайтарды

Dalanews 14 қыр. 2023 05:37 928

Қайрат Боранбаев мемлекетке 90 млрд теңгенің мүлкін қайтарды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.

Агенттік Қайрат Боранбаевқа қатысты қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыруға байланысты сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып жатыр.

Тергеу барысында жалпы құны 90 млрд теңгеден асатын активтерді, оның ішінде: мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, сервис саласындағы кәсіпорынды, қонақ үй және сауда-ойын-сауық кешендерін, фитнес орталықтар желісін, кеңсе үй-жайларын және басқа да активтерді мемлекет меншігіне ерікті түрде қайтару жөнінде шаралар қабылданды.

Сондай-ақ Қайрат Боранбаев Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды. Осы объектілердің барлығы мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына беріліп, ал ақшалай қаражат білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін пайдаланылады, – делінген ақпаратта.


Бұған дейін Қайрат Боранбаев табиғи газ импорты кезінде қаражатты жымқыру эпизоды бойынша тергеу аясында 14,5 млрд теңге көлемінде материалдық шығынды өтеген.

Айта кетейік, Боранбаевқа сот үкімі 2023 жылдың 31 наурызында шықты. Қайрат Боранбаев пен Роман Наханов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іс бойынша сотталушы – Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталды. Ол сот залынан қамауға алынды.

Содан кейін Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ресей газының бағасы туралы ақпаратты қамтитын құжат түпнұсқасының болмауына байланысты бірінші инстанциядағы сот үкімінің күшін жойды.

22 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа қатысты істі қарады. Боранбаевтың адвокаты Данияр Қанафин мемлекеттік айыптаушымен процестік келісімге келу туралы өтінішхат жолдады.

Тамызда Астана қалалық сотында Қайрат Боранбаевтың ісі бойынша апелляциялық келісім қаралды. Отырыста кәсіпкер кінәсін мойындап, залалды өтегісі келетінін мәлімдеген.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар