Болат Назарбаевтың мұрасы: АТУ-дың заңды жері неге қайтарылмай жатыр?

Көркем Алдабергенова 10 ақп. 2025 10:00 1460

Алматы технологиялық университетінің (АТУ) студенттеріне қолайлы жағдай жасауға сот шешімінің орындалмауы үлкен кедергі болып тұр. Даудың басы марқұм Болат Назарбаевқа тиесілі Никольский базарының заңсыз әрекеттерінен басталады. Бұл туралы қаржы сарапшысы Айбар Олжаев Facebook-парақшасында жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айбар Олжаевтың мәліметінше, 2011 жылы “Сәулет-Құрылыс” компаниясы Алматы орталығындағы бұрынғы Никольский базарының жер телімін университетке сатты. Ол кезде жер Альянс банкке кепілге қойылған еді. АТУ кеңею жоспарына сәйкес, бұл аумаққа технологиялық парк, жатақхана және оқу ғимараттарын салу үшін 583 миллион теңге төлеп, жерді банк кепілінен шығарып, әділет органдарында заңды түрде тіркеген.

Алайда, Болат Назарбаевтың адамдары университет қызметкерлерін базар аумағына кіргізбей қойған, ал сол кездегі сот билігі бұл заңсыз әрекетке шара қолдана алмаған.

2023 жылы бұл іске Бас прокуратураның араласып, Жоғарғы сот бұрынғы сот шешімдерін қайта қарап, университеттің базарды сатып алу келісімінің заңды күшін қайта қалпына келтірді. Бірақ сот қаулысы әлі күнге дейін орындалмай, оқу орны құрылыс жұмыстарын бастай алмай отыр.

Бұл іске рейдерлік әрекеттерімен танылған Қоспаевтар тобының қатысы бар.

АТУ сатып алған жер кейін басқа компанияға аударылып кеткен, ал университеттің Президентке жазған хаттары Алматы прокуратурасына жіберілгенімен, жер теліміне қатысты талаптары қанағаттандырылмады.

Қазіргі таңда Болат Назарбаевтың заңсыз активтеріне қатысты қылмыстық іс аясында бұл жер мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін. Бірақ оқу орны қаржылық шығынға ұшырап, осы даудың құрбаны болып отыр.

"АТУ әділдік орнайды деп үміттенуден басқа амалы жоқ. Университеттің заңды мүддесін қорғап жүрген белгілі адвокат Жақсылық Долда бұл мәселеге байланысты қайтадан сотқа шағым түсіруді жоспарлап отырғанын айтты", дейді Айбар Олжаев.

Негізгі талап – университетпен жасалған сату-сатып алу келісімшарты бола тұра, базар аумағының үшінші тұлғаларға сатылғанын заңсыз деп тану.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар