Болат Назарбаевпен байланысы бар зәулім ғимарат сатылымға шығарылады

Қаракөз Амантай 09 жел. 2024 10:01 1054

11 желтоқсанда Алматыда Болат Назарбаевқа қатысы бар бірнеше компания орын тепкен әкімшілік ғимарат аукционға шығарылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы “Қайтарылған активтерді басқару компаниясы” мәлімдеді. Қазіргі уақытта аталған ғимарат осы компанияның меншігінде.

Айналасы шыршалармен қоршалған қызғылт сары ғимарат Бостандық ауданы Байтұрсынұлы 104 А мекенжайында орналасқан.

"Алдағы аукцион туралы хабарламада ғимаратты сату бойынша сауда 11 желтоқсанда мемлекеттік мүлік тізілімі сайтында өтетіні айтылған. Бастапқы баға — 1 549 542 736 теңге. Биыл тамыз айында бұл ғимарат аукционға шығарылғанымен, сатып алушы табылмаған еді. Сол кезде Bes.media басылымы ғимараттағы кеңселерді жалға алу құны шаршы метріне 16 500 теңге екенін жазған",- дейді Курсив басылымы. 

CMN басылымы биылғы сәуір айында бұл ғимараттың Назарбаевтар әулетімен байланысы бар екенін хабарлаған. Басылымның мәліметінше, Байтұрсынұлы көшесі 104А мекенжайындағы ғимаратта Болат Назарбаев пен оның ұлы Нұрбол Назарбаевқа тиесілі “BN InvestCapital” ЖШС мен “Үш Қоңыр Инвест” Корпорациясы” ЖШС компанияларының кеңселері орналасқан.

Сондай-ақ Infostats.co контрагенттерді тексеру сайтының мәліметінше, осы мекенжайда Данияр Назарбаевқа — Болат Назарбаевтың басқа ұлына тиесілі болған (қазіргі уақытта таратылған) “Муз-ТВ Қазақстан” компаниясы тіркелген.

Жақында “Курсив” басылымы мемлекеттік мүлік тізіліміндегі аукционға Шамалғанда орналасқан жер учаскесі шығарылғанын хабарлады. Бұл жерлер Нұрсұлтан Назарбаев пен оның інісі Болат Назарбаев шыққан өңірге тиесілі. Аукционға шығарылған жерлермен қатар, Болат Назарбаевпен байланысы бар учаскелер де осы өңірде орналасқан. Алайда сатып алушы табылмағандықтан, сауда болмаған.

Сонымен қатар “Курсив” басылымы “Қайтарылған активтерді басқару компаниясының” Қайрат Сатыбалдыұлының Түркиядағы зәулім жылжымайтын мүліктерін сатқанын хабарлады. Компания Бодрум мен Ыстанбұлдағы құны 4 млрд теңгеден асатын екі үй мен пәтерді сату сәтті өткенін мәлімдеген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар