Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек “Болашақ” халықаралық бағдарламасы аясында бюджет қаражатын қайтару тетігіне қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, бағдарлама 1993 жылы талантты жастарды шетелдің жетекші оқу орындарында оқыту арқылы білікті мамандар даярлау және елдің кадрлық әлеуетін күшейту мақсатында іске қосылған.
Бұған дейін, яғни 2010 жылға дейін, оқу шығындарын қайтармаған жағдайда салынатын айыппұл көлемі нақты жұмсалған қаражаттың 25 пайызын құраған. Алайда бұл талаптарға байланысты қатысушылар тарапынан шағымдар көбейген соң, айыппұл 10 пайызға дейін төмендетілген.
Министрлік мәліметінше, бұл тетік тиімділігін көрсеткен. 2013 жылдан бері бюджетке 14,5 млрд теңге қайтарылған. Оның ішінде 2024 жылы – 2,49 млрд теңге, 2025 жылы – 2,29 млрд теңге, ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 378,5 млн теңге өндірілген.
“Қолданыстағы құқықтық реттеу бюджет қаражатының қайтарылуын қамтамасыз ететін жеткілікті әрі тиімді құралдарды қамтиды”, – деді Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар ол айыппұлды ұлғайту мәселесіне де тоқталды.
“Тұрақсыздық айыбының көлемін арттыру қаржылық жауапкершілік тетіктерін одан әрі жетілдіру тұрғысынан орынды. Алайда бұл бастаманы іске асыру үшін мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдарды тарта отырып, жан-жақты талдау жүргізу қажет”, – деп атап өтті министр.
