Бөкейханов олимпиадасы

Dalanews 01 сәу. 2016 00:15 1616

Биылғы 2016 жыл – Алаш қозғалысының жетекшісі, қоғам қайраткері, көсемсөзші Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы.  Бүкіләлемдік дара тұлға деп танылған Алаш қайраткерінің мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде, яғни бүкіл әлем бойынша тойланатын болды. Бұл туралы ЮНЕСКО-ның 18 қарашада Парижде аяқталған Бас конференциясының 38-ші сессиясында жария етілген болатын.

Кеше Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Алматы қаласы жоғары оқу орындары студенттері арасындағы  ҚР Тәуелсіздігінің  25 жылдық  мерейтойы мен Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған «Алаш арыстары: қоғамдық саяси қызметі мен тәуелсіздік мұраттары» атты интеллектуалды олимпиада болып өтті.

Студенттер санасына өз еліне деген мақтаныш пен патриоттық сезімді қалыптастыру және Әлихан Бөкейханұлы мен Алаш қозғалысын айшықтай отырып, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық тарихының маңыздылығын түсіндіру, Ә.Бөкейханұлының тұлғасын  толық білу арқылы ұлтжанды азамат болуға тәрбиелеу мақсатында өткен олимпиадаға Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Болашақ» тобы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Алаш Орда» тобы, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың «Ұлы  дала» тобы, Тұран университетінің «Тұран» тобы, сонымен қатар, Алматы технологиялық университетінің «Айбынды Алаш ұрпағы» тобы мен Алматы университетінің «Жерұйық» тобы қатысты.

Дәстүрге айналған шараны Қыздар университетінің Бірінші проректоры Баходир Әлиев салтанатты түрде ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Студенттер интеллектуалды олимпиадада бес бағыт бойынша («Таныстыру», «Ұяшықтар құпиясы», «Бейне сұрақ», «Алтын қақпа», «Ой толғау») білімдерін сарапқа салды. Бірінші сайыста өздерін таныстырып өткен командалар, екінші кезеңде «Мемлекеттік басқару», «Қазіргі әлемдегі Қазақстан», «Алаш қозғалысы», «Кемеңгер тұлғалардың өмірі мен қызметі» деген тақырыптарға арналған сұрақтар бойынша бақ сынасты.  «Бейне сұрақ» бөлімінде елімізге белгілі тарихшы мамандардың Алаш қайраткерлерінің қоғамдық-саяси қызметі, Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің құрылу тарихы, ел рәміздері мен қазақ тарихына байланысты  бейнесауалдарға жауап берді. «Алтын қақпа» сайысында Президент, Үкімет, автономия, демократия, құқық, ұлт, мәдениет сөздердің мән-мағынасын қазақ және ағылшын тілдерінде түсіндіріп сынға түссе, «Ой толғау» сайысында жәшікте жасырынған заттарды тапты. Барлық айналым сұрақтарының дені Алаш қайраткерлерінің қоғамдық-саяси қызметі мен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық тарихының негізгі кезеңдеріне арналды. Жастар ойын барысында білімдерінің жоғары деңгейде екендігін көрсетіп қана қоймай, ел тарихын, түрлі өнерді бойына жиған Алаш көсемінің өмірі мен дарын иесінің сан қырлы қызметін жақсы білетіндіктерін танытты.

kala men dala alihan bukeihan

Қатысушылардың білімдері мен біліктіліктеріне Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директор орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әділхан Құдайбергенов,  Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының PhD докторанты Рысбек Омарбаевтар қазылық жасады.

Олимпиаданың қорытындысы бойынша І-орынды Тұран университетінің «Тұран» тобы иеленді. ІІ-орынды әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Алаш Орда» тобы ие болды. ІІІ-орын екеу – С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың «Ұлы  дала» тобы мен  Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Болашақ» тобына бұйырды. Жеңімпаздардың барлығы дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ал, топтарды дайындаған жетекшілерге алғыс хаттар табыс етілді.

– Тұғыры биік еліміздің ертеңі бүгінгісінен де жарқын болуы – рухы асқақ, өресі биік, білімді де талантты ұрпақ қолында. Ал, бүгінгідей Жаһандану заманында өзіндік болмысымызбен төл тарихымыздан ажырамасақ қана ірі табыстарға жете алатынымыз сөзсіз. Сондықтан да,  жас ұрпақтың санасында өз еліне деген мақтаныш пен патриоттық сезімді қалыптастыруды әрдайым біздің ұжым назарда ұстап келеді. Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл іс-шара да осы мақсатқа жұмылдырылған, – деді шараның ұйымдастырушысы, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Айнагүл Қайыпбаева.

 

«Қыздар университеті» медиа орталығы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар