Блогер Бейбіт Әлібековтің көлігімен жас жігіт мерт болды: сот үкім шығарды

Көркем Алдабергенова 18 мау. 2025 09:26

Кәсіпкер Бейбіт Әлібековтің көлігімен контент түсіремін деп ажал құшқан Батырхан Ержанның өліміне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот көліктің рөлінде отырған жүргізушіні кінәлі деп танып, 1 жарым жылға бас бостандығын шектеді.

Ал жәбірленушілер талап еткен 100 миллион теңге өтемақы қанағаттандырылған жоқ. Сотталушының мүмкіндігі шектеулі баласының болуы ескерілді. 

Еске салайық, қайғылы оқиға 2024 жылы қазанда болған еді. Алматы облысында Lamborghini Aventador көлігінен секірмек болып қаза тапқан Батырхан Ержанның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Рөлде 45 жастағы ер адам отырған.  

Ауыр жарақаттан жігіт ауруханада қаза тапқан. Телеарна мәліметінше, марқұм Батырхан Ержан ТикТок желісіне алғашқы видеоларын осыдан екі жыл бұрын сала бастапты. Өзі тап болған түрлі жағдайды әзілмен жеткізіп, кейбір видеосы сегіз миллион рет қаралған. Бірақ бұған дейін жігіттің экстремал контент түсіргені байқалмаған.

Қазір қайғылы оқиға бойынша полицейлер тергеу жүргізді.

Оқиға Сенат депутаттарына да мәлім болды. Көліктің иесі ғана емес, трюк жасаған адам да оның салдары жайлы алдын ала ойлау керек еді деп санайды.

"Каскадер дүниесі адам өміріне қауіпті. Сондықтан да, рөлге отырғаннан кейін ұшақ, тікұшақ, машина болсын, бірінші кезекте өз өміріне өзі жауапты. Көлікті жүрер алдында техникалық қауіпсіздігін қарап шықты ма, тексеріп шықты ма деген сияқты. Менің ойымша, бір жақтан ғана кінәні іздеуге болмайды. Ол дұрыс емес. Жан-жақты қарау керек", - деді Геннадий Шиповских, Сенат депутаты.

Қайғылы оқиға болған жер - «Сокол» автодромы. Алматыдан алшақ орналасқан бұл жерде көліксүйер қауым жаттығулар өткізіп, спорт жарыстарына қатысады. Автодром басшылығы болған жайтқа пікір білдіруге құлық танытпаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар