Бішкектің Свердлов аудандық соты ІІМ Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бас басқармасының бұрынғы инспекторы Бақыт Урустемовті бұрынғы әйелін өлтіріп, азаптағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырды. Бұл туралы 17 шілдеде Бішкек қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады dalanews.kz.
Сот мәліметінше, Урустемов Қырғызстан Қылмыстық кодексінің "Аса қатыгездікпен адам өлтіру" және "Балаға, дәрменсіз күйдегі немесе кінәліге материалдық не өзге де тәуелді адамға қатысты азаптау" баптары бойынша кінәлі деп танылды.
Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасынан бөлек, сот сотталған азаматтан жәбірленуші тараптың пайдасына моральдық зиян үшін 1 миллион сом өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 23 желтоқсанда болған. Сол күні, туған күнінде Қырғыз экономикалық университетінің оқытушысы Жібек Урустемова атып өлтірілді.
Оның артында үш ұлы қалды. Олардың екеуі сол кезде бастауыш сыныпта оқыған.
Бұл қылмыс қоғамда үлкен резонанс туғызды. Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті іске араласқаннан кейін екі полиция қызметкері ұсталды.
Тергеу нұсқасы бойынша, Свердлов аудандық ішкі істер басқармасының учаскелік инспекторы айыпталушының тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеру жүргізілгені туралы құжаттарды кейінгі күнмен жалған рәсімдеген.
Ал Бішкек қалалық ішкі істер бас басқармасы арнайы бөлімінің аға инспекторы оған травматикалық тапаншаны сақтау және алып жүру рұқсатын заңсыз беріп, бірнеше рет ұзартып отырған.