Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов Астанадағы ипподромның жекеменшікке өтуіне қатысты жазбасынан кейін өзіне түрлі қоңыраулар түсе бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Журналистің айтуынша, әзірге оған ешкім қоқан-лоқы көрсетпеген, алайда ескерту сипатындағы хабарламалар көбейген.
«Кеше елордадағы ипподромның технично жекеге өтіп кеткенін жазған едім. Содан кейін түрлі қоңыраулар келіп жатыр. Қорқыту-үркіту емес. Әзірге ескерту», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұған дейін Аслан Қаженов Астанадағы ипподромның жекеменшікке өткенін және осыдан кейін қызмет құнының күрт өскенін айтқан болатын. Оның мәліметінше, көкпардан ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін қораны жалға алу құны 12,3 миллион теңгеге дейін көтерілген. Ал бұған дейін бұл қызметтер мемлекеттік нысан болғандықтан тегін көрсетіліп келген.
Журналист жаңа жазбасында тағы бір мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, жекеменшікке өткен ипподромды күтіп-ұстауға жыл сайын шамамен 600 миллион теңге бөлінеді.
«Мендегі ақпарат бойынша, жекеге өтіп кеткен ипподромды күтіп-ұстауға жыл сайын 600 миллион теңгеден бөлінеді. Қала әкімдігінен, яғни сіз бен біздің салығымыздан. Оны қалай түсінуге болады?» – деді ол.
Сондай-ақ Қаженов ипподромды кезінде ERG компаниясы салып бергенін, кейін әкімдік оны шамамен 15-16 миллиард теңгеге сатып алғанын алға тартты. Оның сөзінше, енді нысанның қайтадан жекеменшікке берілуі қоғамда көптеген сұрақ туғызуда.
Журналист мемлекеттік қаражатқа салынған және қоғамдық игілік ретінде пайдаланылған нысанның қандай шарттармен жекеменшікке өткенін түсіндіру қажет деп есептейді.
Әзірге Астана ипподромының меншік құқығының өзгеруіне қатысты ресми органдар тарапынан түсініктеме берілген жоқ.