«Байтақ» жасылдар партиясының V кезектен тыс съезі басталар алдында съезд өтетін орынның кіреберісінде дау шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бірқатар партия мүшелері мен өңірлік филиал өкілдері өздерін іс-шараға кіргізбегенін айтып, наразылық білдірді.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода партияның бірқатар өкілдері съезге тіркелгеніне қарамастан ғимаратқа өте алмай тұрғандарын айтып, ұйымдастырушылардан түсініктеме талап етеді.
«Біз партия мүшесіміз. Бізді не үшін кіргізбей жатырсыздар? Бұл партияның съезі. Біз өз құқығымызды талап етіп тұрмыз», – дейді видеодағы қатысушылардың бірі.
Видеода айтылғандай, кіре алмағандардың арасында партияның өңірлік филиалдарының жетекшілері мен мүшелері болған. Олар съезге қатысуға келгендерін, алайда ғимаратқа өткізілмегендерін мәлімдейді.
Партияның ресми сайтында V кезектен тыс съезге өңірлік филиалдардан делегаттар қатысатыны, күн тәртібіне сайлауалды бағдарламаны бекіту, Құрылтай депутаттығына кандидаттарды ұсыну және партия жарғысына өзгерістер енгізу мәселелері енгізілгені хабарланған.
Оқиғаға қатысты партия басшылығы әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.