Бірқатар өңірде қылмыс деңгейі өскен. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
2025 жылғы алғашқы 3 айда елдегі қылмыс деңгейі 5,8%-ға (құқықбұзушылық 35 320-дан 33 279 дейін) төмендеген.
Берік Асылов мынадай бағыттар бойынша қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендегенін мәлімдеді:
- ұрлық 29,3%-ға;
- бұзақылық 32,6%-ға;
- мал ұрлығы 27,6%-ға;
- онша ауыр емес қылмыстар 11,9%-ға төмендеді.
- аса ауыр қылмыстар екі есеге азайған.
Дегенмен кейбір өңірлерде қылмыс деңгейі өскен.
"Шымкент қаласында 25,8%-ға; Жамбыл облысында 21%-ға; Ұлытау облысында 13,6%-ға; Ақмола, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында орташа деңгейде өскені байқалады. Бұл өңірлерде ведомствоаралық үйлестіруді күшейтіп, нақты бағытталған жұмысты жүргізу қажет", - деді Бас прокурор.
Алаяқтық 3,9%-ға төмендеген, жалпы келтірілген залал 41,4 млрд теңге болған, бұл былтырмен салыстырғанда екі есеге азайған (2024 ж. – 93,7 млрд тг).
"Оның ішінде 11,7 млрд теңге өтелді, бұл іс жүзінде өткен жылдың деңгейіне сәйкес келеді. Залалды өтеу бойынша жұмыс күшейтіледі", - деді Берік Асылов.