2026 жылдан бастап Қазақстанда жеке табыс салығына (ЖТС) прогрессивті шкала енгізіледі. Жылдық табысы 36 млн теңгеден (айына шамамен 3 млн теңге) асатын азаматтар жоғары мөлшерлеме бойынша салық төлейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов Ұлттық талдау орталығында өткен брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, азаматтардың басым бөлігі үшін елеулі өзгеріс болмайды. Негізгі жаңашылдық – ЖТС-тың бірыңғай мөлшерлемеден прогрессивті жүйеге көшуі.
Жаңа шкала қалай жұмыс істейді?
Жылдық табыс 36 млн теңгеге дейін – 10% мөлшерлеме (өзгеріссіз).
Жылдық табыс 36 млн теңгеден асса – асқан бөлігіне 15% мөлшерлеме қолданылады.
Бірнеше жұмыс орны болса – қосымша төлем қажет
Бірнеше табыс көзі бар азаматтарға ерекше назар аударылады. Егер жиынтық жылдық табыс 36 млн теңгеден асса, салық төлеуші декларация тапсырып, қосымша 5% төлеуге міндетті:
Жұмыс беруші бұрынғыдай 10% ұстайды.
Қалған 5%-ды азамат декларация арқылы өзі төлейді.
Өзгерістер кімдерге әсер етеді?
Жаңа талаптар ең алдымен жоғары жалақы алатын қызметкерлерге және бірнеше табыс көзінен кіріс табатын азаматтарға қатысты. Белгіленген шектен төмен табыс табатын жалдамалы қызметкерлер үшін салық жүктемесі өзгеріссіз қалады.
Неге прогрессивті салық енгізіледі?
Реформаның мақсаты – «жоғары табыс – жоғары салық» қағидатын енгізу, сонымен қатар қызметкерлердің негізгі бөлігі үшін қолданыстағы мөлшерлемені сақтау.
Еске салайық, жаңа Салық кодексіне сәйкес, ЖТС-тың прогрессивті шкаласы 2026 жылдан бастап күшіне енеді. Есептеулер бойынша, 36–36,7 млн теңге шегі 8 500 АЕК-ке сәйкес келеді (2026 жылға болжанған АЕК мөлшері бойынша).
