Биометриялық бақылау күшейгелі Ресейге 70 мыңға жуық шетелдік кіре алмаған

Биометриялық бақылау күшейгелі Ресейге 70 мыңға жуық шетелдік кіре алмаған
ЖИ: Dalanews.kz

Ресейде шетел азаматтарының биометриялық деректерін жинау бойынша пилоттық жоба іске қосылғалы бері шамамен 70 мың адамға ел аумағына кіруге рұқсат берілмеген. Бұл туралы Ресей Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Биометриялық сәйкестендіру жүйесі 2024 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Мәскеудегі Шереметьево, Домодедово және Жуковский әуежайларында, сондай-ақ Орынбор облысындағы Маштаково өткізу бекетінде сынақ режимінде енгізілген. Аталған бекет Қазақстанның Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» шекара пунктіне қарсы орналасқан.

Министрліктің мәліметінше, осы уақыт аралығында аталған бақылау-өткізу бекеттері арқылы шамамен 14 миллион шетелдік өткен. Соның ішінде 70 мыңға жуығы Ресейге кіруге тыйым салынған тұлғалар тізіміне енгізілген.

Биыл маусым айында биометриялық жүйе тағы 11 бақылау-өткізу пунктінде іске қосылды. Олар Санкт-Петербург, Красноярск, Екатеринбург, Иркутск, Қорған, Саратов, Омбы, Орынбор облыстары, Алтай өлкесі және басқа да өңірлердегі шекара бекеттерін қамтиды.