29 қарашаға қараған түні BilimClass білім беру платформасына кибершабуыл жасалды. Бұл туралы платформаның әкімшілігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Платформа әкімшілігі алғашқы қауіпсіздік шараларын қабылдап, шабуылдың жүйе жұмысына әсерін тексеруге кіріскен. Компанияның басты басымдығы – оқушылардың, ата-аналар мен педагогтердің деректерін қорғау екенін мәлімдеді.
Кейін платформаның жұмысы қалпына келтірілгені хабарланды. 29 қараша күні сағат 09:00-дегі тексеру нәтижесі бойынша, шабуылдаушы аударымдар сервисіне қол жеткізіп, кейбір пәндердің атауын өзгерткен. Қазір оқиғаның мән-жайы қосымша тексеріліп жатыр.
Айта кетейік, 27 қарашада да BilimClass платформасының жұмысында ақау болған. Кейін жүйе қалпына келтірілген еді. Сол кезде компания электронды күнделіктегі пайдаланушылардың деректері сақталғанын және ақпараттың сыртқа таралуы анықталмағанын мәлімдеген болатын.