Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Алматы тұрғындары сайлауға әріптестерімен бірге келуде: Медеу ауданында дауыс беру қалай өтіп жатыр?

Алматы тұрғындары сайлауға әріптестерімен бірге келуде: Медеу ауданында дауыс беру қалай өтіп жатыр?

Алматының Медеу ауданында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысушылардың қатарында әріптестерімен бірге дауыс беруге келген кәсіпорындар мен мекеме қызметкерлері де бар, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәселен, Пушкин көшесіндегі №52 мектепте орналасқан №400 және Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрында орналасқан №361 сайлау учаскелерінде қала тұрғындарына арнап мәдени-ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылған.

Әсіресе Қуыршақ театрында мерекелік көңіл күй ерекше сезіледі. Мұнда артистер өнер көрсетіп, аниматорлар жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар келушілер арнайы жабдықталған фотоаймақтарда естелік суретке түсе алады.

«Бүгін Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры дауыс беруге келген тұрғындардың көңілін көтеріп жатыр. Балалар да, ересектер де бізбен бірге суретке түсуде. Үлкендерді алыста қалған балалық шағына жетелеп, ерекше көңіл күй сыйлауға тырысамыз. Өзім де таңертең әріптестеріммен бірге дауыс беріп қойдым», – деді театр актері Шоқан Құлназаров.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, №361 сайлау учаскесінде жарты сағаттың ішінде кәсіпорындардың бірінен келген 80-ге жуық қызметкер дауыс берген. Ал сағат 14:00-дегі жағдай бойынша мұнда дауыс бергендердің жалпы саны 200 адамнан асқан.

Еске сала кетейік, Алматыда 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлаушылар тізіміне 1 миллион 355 мыңнан астам адам енгізілген.

Бүгін қала тұрғындары мен қонақтары үшін қоғамдық көлікте жол жүру тегін. Сайлау учаскесінің мекенжайын 109 бірыңғай нөмірі арқылы білуге болады.

Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.