Алматыда бес адамның өмірін қиған өртке қатысты жаңа мәлімет жарияланды. Өртенген үйдің иесі Қуаныш Кеңес қайғылы оқиғаға осы ғимаратта бұрын тұрған әйелдің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп dalanews.kz тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап хабарлайды.
Үй иесінің айтуынша, күдікке ілінген әйел осыдан үш ай бұрын аталған ғимаратта тұрған. Сол кезде де үйде өрт шығып, тұрғындар жалынды дер кезінде сөндіріп үлгерген. Қуаныш Кеңес алғашқы оқиғадан кейін полицияға хабар бермегенін айтты. Алайда осы жағдайдан соң әйелді үйден шығарған.
Қайғылы жағдай болған түні әлгі әйелдің ғимаратқа қайта келгеніне күмәнданатынын жеткізген үй иесі өз болжамын бейнебақылау камералары мен куәгерлердің сөзіне негіздейтінін айтты. Оның сөзінше, бейнежазбада көрінген адамның киімі мен сыртқы белгілері бұрын осы үйде тұрған әйелге ұқсайды.
"Мұнда 100% қасақана өрт қою деп ойлаймын. Үйді жалға берумен айналысатын адамдармен байланысымыз бар. Олар сол әйелді таныған. Ол бұрынғыдай киім, маска, көзілдірік және сөмке таққан. Оны растайтын адамдар да бар", – деді Қуаныш Кеңес «Жетінші арнаға» берген сұхбатында.
Қуаныш Кеңес әйелдің негізгі кіреберіс арқылы ғимаратқа кіріп, жанғыш сұйықтық төккен болуы мүмкін екенін алға тартты. Оның болжамынша, әйел кейін сол есік арқылы сыртқа шығып, есікті жауып кеткен.
"Бір адам оны қолынан ұстап алған. Әйел негізгі кіреберіс арқылы кіріп, жанғыш қоспаны төгіп, өрт қойған. Содан кейін сол есіктен шығып, оны жауып кеткен. Мұндағы адамдардың сыртқа шыға алмауын көздеген болуы мүмкін", – деді үй иесі.
Еске салайық, 26 қарашаға қараған түні Алматының Бостандық ауданындағы тұрғын үйден өрт шығып, бес адам қаза тапқан болатын. Кейін полиция 37 жастағы әйелдің ұсталғанын хабарлады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Алдын ала тергеу нұсқаларының бірі бойынша, қайғылы оқиғаға жеке бас араздығы себеп болуы мүмкін. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Ұсталған әйелдің үй иесі айтып отырған бұрынғы тұрғын екені туралы бұл материалда ресми растау келтірілмеген.