Денсаулық сақтау саласының табысты дамуы ең алдымен білікті мамандарға байланысты. Әсіресе, еліміздің шалғай ауылдары мен аудандық ауруханаларында тәжірибелі дәрігерлерге деген сұраныс жоғары. Сондықтан бүгінгі таңда медициналық кадрларды даярлау мен олардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесі ерекше маңызға ие.
Осы бағытта Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы маңызды рөл атқарып келеді. Орталық тек балаларға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін мекеме ғана емес, сонымен қатар еліміздің болашақ дәрігерлерін даярлайтын ірі білім беру алаңы саналады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Биыл орталық тағы бір маңызды жетістікке қол жеткізді. Қазақстандағы ғылыми орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттарының білім беру қызметінің нәтижелілік рейтингі бойынша Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы 454,1 ұпай жинап, үздік білім беру ғылыми орталығы атанды. Бұл – мекеменің бірнеше жыл қатарынан көш бастап келе жатқанын көрсетеді.

Орталықтың ғылым және білім бөлімінің жетекшісі, профессор, медицина ғылымдарының кандидаты Айгүл Базарбаеваның айтуынша, сапалы медициналық қызмет көрсету үшін дәрігерлердің үздіксіз білім алуы аса маңызды.
Бүгінде орталық базасында педиатрия, балалар хирургиясы, онкология және гематология бағыттары бойынша дәрігерлер мен мейірбикелердің біліктілігін арттыруға арналған түрлі курстар, семинарлар, тағылымдамалар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Бұл оқыту бағдарламаларына ірі қалалардың мамандары ғана емес, өңірлердегі дәрігерлер де белсенді қатысады.
Әсіресе, ауылдық жерлердегі медицина қызметкерлері үшін мұндай оқытулардың маңызы зор. Себебі шалғай елді мекендерде жұмыс істейтін дәрігерлер күрделі жағдайлармен жиі бетпе-бет келеді. Оларға балалардағы онкологиялық ауруларды ерте анықтау, жаңа туған нәрестелерді емдеу, сирек кездесетін дерттерді диагностикалау сияқты заманауи білім мен тәжірибе қажет.
Соңғы жылдары орталық мамандары өңірлерге шығып, жергілікті дәрігерлерге тәжірибелік көмек көрсетуге де басымдық беріп келеді. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының тағы бір маңызды бағыты – резидент дәрігерлерді даярлау. Қазіргі уақытта мұнда мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша ондаған жас маман білім алуда. Олар тәжірибелі дәрігерлердің жетекшілігімен күрделі диагнозы бар балаларды емдеуге қатысып, болашақ кәсіби қызметіне қажетті тәжірибе жинақтайды.
Медицина саласында теориялық білім ғана жеткіліксіз. Сондықтан орталықта резиденттер операциялық залдарда, процедуралық кабинеттерде және клиникалық бөлімшелерде жұмыс істеп, нақты тәжірибелік дағдыларды меңгереді. Мұндай дайындық олардың кейін еліміздің кез келген өңірінде, соның ішінде ауылдық жерлерде де сапалы қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді.
Бүгінде орталық түлектері Қазақстанның әр аймағында еңбек етіп жүр. Олардың арасында бөлімше меңгерушілері, бас дәрігер орынбасарлары және ғылыми қызметкерлер бар. Бұл білім беру жүйесінің тиімділігін көрсетеді.
Денсаулық сақтау жүйесінің сапасы жаңа ғимараттармен немесе заманауи жабдықтармен ғана өлшенбейді. Оның басты көрсеткіші – кәсіби дәрігерлер. Сондықтан медицина мамандарын даярлау мен олардың біліктілігін арттыруға бағытталған жұмыстар елдегі медициналық көмектің сапасын жақсартудың және ауыл мен қала арасындағы медициналық қызмет деңгейін теңестірудің маңызды тетігі болып қала береді.