BI Group корпоративке қатыспағаны үшін қызметкерлерінің жалақысын ұстап қалмақ болған

Көркем Алдабергенова 23 мау. 2025 15:48

Қазақстандық әйел BI Group компаниясының бейресми ұжымдық шараға қатыспағаны үшін күйеуінің жалақысынан ақша ұстап қалғанына наразылық білдірді. Оның сөзінше, компанияның 30 жылдығына орай ұйымдастырылған мерекелік жиынға бармаған қызметкерлерге 256 мың теңге көлемінде «айыппұл» салынатыны айтылған. Әйел бұл талапты әділетсіз деп есептейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қызметкерлердің мерекелік кешке қатысуы неге міндетті?"

Threads әлеуметтік желісінде жарияланған жазбада әйел адамның күйеуі BI Group компаниясында жұмыс істейтіні көрсетілген.

«Құрметті BI Group басшылығы, неге корпоративтік кешке бармаған қызметкерлердің жалақысынан ақша ұстайсыздар? 21 маусымда Бурабайда 30 жылдық мерейтой өткізіп жатырсыздар. Енді сол кештің толық құнын жұмысшының жалақысынан алып қалмақсыздар», – деп жазды қолданушы.

Ол мұндай шараларға қатысушыларды алдын ала сауалнама арқылы нақтылау керек еді деп санайды. Оның айтуынша, әр адамның өз жоспарлары бар, ал соңынан қатыспағаны үшін жазалау – әділетсіздік. Сонымен қатар, әйел компания қызметкерлерін сенбілікке шығарып, мекеме маңын тазалауға мәжбүрлейтінін де айтып өтті.

"Тазалыққа жұмысшылар емес, арнайы мамандар жауапты болуы керек"

"BI Group қызметкерлері мектеп құрылысы жүріп жатқан жерлерде қоқыс жинауға мәжбүр. Неге арнайы клининг шақырмайсыздар? Түнгі 1-2-ге дейін ұстап, бастық не әкім келетін болғанда ғана бәрін жаппай жұмылдырады. Бұл еңбек шартында көрсетілмеген", – дейді жазба авторы.

Компания не дейді?

Пікірге жауап ретінде компания қызметкерлері және баспасөз қызметі түсініктеме берді. Олардың айтуынша, ұжымдық іс-шараға қатысу міндетті емес, және бұл туралы алдын ала сауалнама жүргізілген.

"Қызметкерлер ешқашан мәжбүрленбейді. «Жанашырлық» деген корпоративтік мәдениет бар. Кей кезде ұжым өз еркімен бірігіп көмектеседі. Бұл – ұжымдық рухты нығайту тәсілі", – деп жазды қызметкерлердің бірі.

BI Group баспасөз қызметінің мәліметінше, екі ай бұрын қызметкерлерге шақырту беріліп, олар шараға қатысатын-қатыспайтынын растаған. Қатысатынын айтқандар үшін көлік, жатын орын және қажетті құрал-жабдықтар алдын ала брондалған.

"Егер адам соңғы сәтте барудан бас тартса, компания кеткен шығынды өтеуді сұрауы мүмкін. Ал алдын ала бас тартқандардан ешқандай ақша ұсталмайды", – делінген ресми түсініктемеде.

Дер кезінде ескертілмеген жағдай бар

Дегенмен жазба авторының жағдайында күйеуі өз келісімін бермесе де тізімге енгізіліп кеткені белгілі болды. Бұл мәселе қаралып, нәтижесінде қызметкердің жалақысынан қаражат ұсталмайтын болды.

"Басшысымен түсіндіру жұмысы жүргізілді", – деп толықтырды BI Group.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар