БАҚ-та Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің ұлы Аслан Рысқали Лондоннан құны 1,3 миллиард теңге тұратын пәтер сатып алғаны туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Дереккөздер мәліметінше, Аслан Рысқали Лондонда орналасқан, жылжымайтын мүлікті басқаратын Kennington Green Management limited компаниясының директоры болып тағайындалған. Компания Кеннингтон Роуд көшесіндегі екі үйдің жалға берілуі мен күтіміне жауап береді.
"Выход к морю" Telegram-арнасының дерегіне сүйенсек, Асланды бұл қызметі үшін "үй басқарушысы" деп атау дұрыс емес. Себебі бұл компания – пәтер иелері кооперативі. Мұндай құрылымда әр пәтер иесі сол үйдің бірлескен иесі саналады және жалпы жиналыстарда дауыс беру құқығына ие болады.
"Аслан Рысқалидің Kennington Green Management limited директоры атануы оның осы үйден пәтер сатып алғанын білдіреді және бұл рас", – деп жазылған жазбада.
Деректер бойынша ол 2021 жылғы сәуірде 346-үйдің төменгі қабатынан 275 шаршы метр аумақтағы, төрт жатын бөлмесі бар пәтерді 1,51 миллион фунт стерлингке сатып алған. Қазір бұл пәтердің құны 1,88 миллион фунтқа (шамамен 1,3 миллиард теңгеге) жеткен.
Dalanews.kz анықтамасы
Бергей Рысқалиев 2005 жылдан бастап Атырау облысы әкімінің орынбасары, 2006 жылдан бастап Атырау қаласының әкімі, 2006 жылдан 2012 жылға дейін Атырау облысының әкімі қызметін атқарды.
Бергей Рысқалиев 2012 жылы Мәжіліс депутаты болған ағасы Аманжан Рысқалимен бірге елден қашып кеткен болатын. Сол кезде оларға халықаралық іздеу жарияланған еді.
Мәліметтерге сүйенсек, Рысқалиев мемлекетке ондаған миллиард теңге шығын келтірген.