21 сәуірде Шымкентте Руслан Берденовке шабуыл жасалды. Тосын оқиғадан кейін күдіктінің әйелі алғаш рет мәлімдеме жасады,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
Луиза Алданова бұл туралы әлеуметтік желіде жазды. Ол қалың көпшілікке қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
"Өткен бір ай біздің отбасымыз үшін де ауыр сынақ болғанын жеткізгім келеді. Енді ғана есімізді жиып, өз-өзімізге келіп жатқан жайымыз бар. Әрбір минут, әр сағат, әр тәулік уайымдаумен болдық, жапа шеккен Руслан Берденов мырзаның амандығын тіледік. Жуырда ғана ем-домын алып, ауруханадан үйіне оралғанын естідік. Енді ертерек айығып, елге қызметін жалғастыруын тілейміз", - деді ол.
Ол жұбайының шалыс басқанын айтып, мұны сынақ деп қабылдайтынын жеткізді.
"Менің жолдасым Ернарды, мені және біздің ата-аналарымызды жақсы білетін адамдар, таныстарымыз, туыстарымыз біздің қандай қарапайым, отбасын бірінші орынға қоятын жандар екенімізді де біледі деп ойлаймын. Сонымен қатар, оларды біздің жат әрекеттерге, жаман істерге бармайтынымызға да сенімді деп білемін. Десе де, Ернарымыз жаза басқан екен, қателескен екен... Мен бұл жағдайды тағдырдың сынағы деп қабылдап, барынша сабырмен қарап отырмын. Барлығын Алланың қолына тапсырдым. Ана ретінде, тек басымыздың амандығын, бауырымыздың бүтіндігін тілеймін", - дейді ол.
Луиза Алданова ел ішінде тараған қауесетке пікір білдірді.
"Осы жағдайға менің де қатысым бар деген бастапқыда тараған қауесетті үзілді-кесілді жоққа шығарамын. Ата-анадан көрген тәрбием, бойға сіңген иманым мұндай арсыз қылыққа аттап бастырмайтыны айдан анық", - деп түйіндеді ол.
Әкімдік маңындағы атыс туралы
21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды. Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, Руслан Берденовке операция жасалған, өміріне қауіп жоқ.
Кәсіпкерден белгілі шендіге айналу жолы: Берденов туралы не белгілі?
Руслан Берденов - Шымкенттің тумасы. Ол 1985 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2009 жылы КИМЭП университетін Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесімен бітірді.

Біраз уақыт жеке компанияларда жұмыс істеген, атап айтсақ:
- Еңбек жолын 2005 жылы "Алматы құс" ААҚ ("Сеймар" тобы) компаниясының бөлшек сауда директоры қызметінен бастады.
- 2007 жылғы ақпан - 2010 жылғы шілде Procter & Gamble компаниясының бас логистикалық үйлестірушісі.
- 2010 жылғы шілде - 2012 жылғы қараша Eastcomtrans ЖШС жылжымалы құрамды жалдау бөлімінің бастығы.
- 2012 жылғы қараша - 2018 жылғы мамыр "Ақ ниет" ЖШС бас директоры.
- 2018 жылғы қараша - 2019 жылғы сәуір "Ақ ниет" ЖШС байқау кеңесінің мүшесі.
- 2019 жылғы сәуір - 2023 жылғы наурыз Aq niet Group байқау кеңесі төрағасының орынбасары.
Екі жыл бұрын Берденовтің саяси аренадағы карьерасы басталды. 2023 жылғы 29 наурыздан бастап Respublica партиясының партиялық тізімі бойынша VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болды.
Мәжіліс мінберінде Берденовтің есімі букмекерлермен күрес арқылы есте қалды. Кейін тіпті бұл мәселе сотқа дейін жетті. Артынша сот депутат Руслан Берденовтің үстінен шағымданған букмекерлік кеңселердің талабын қанағаттандырудан бас тартты. Одан соң нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күреске бағытталған бес жылдық кешенді жоспарға өзгерістер енгізу қажет екенін мәлімдеді. Бір кездері ҚТЖ-ға да шүйлігіп, компания қызметіне алаңдаушылық білдіріп, сыбайлас жемқорлық тетіктері және миллиардтаған шығындар туралы айтты.
Екі жылға жуық депутаттық қызмет атқарған ол биыл ақпанда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.