Берденов әкімдіктегі жұмысын тоқтатуы мүмкін – Шымкент әкімінің орынбасары

Қаракөз Амантай 27 там. 2025 16:30

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов әкімдіктегі қызметінен кетуі мүмкін. Бұл туралы қала әкімінің тағы бір орынбасары Сарсен Құранбек мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, Берденов еңбекке жарамсыздық парағын ашып, ем қабылдап жатыр.

“Біздің білуімізше, Руслан Берденов әкімдіктегі қызметін аяқтауды ойлап отыр. Ондай жағдайда ол тиісті өтініш жазуы мүмкін. Бұл – әр адамның жеке таңдауы мен қалауы. Әрине, ол денсаулығына көңіл бөлуді жөн көрген сияқты. Алайда ресми түрде қызметтен босату туралы бұйрық шықпайынша, ол қала әкімінің орынбасары болып есептеледі”, – деді Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Құранбектің айтуынша, еңбекке жарамсыздық парағы болған жағдайда азамат үш айға дейін ресми түрде емделе алады. Кейін дәрігерлер бұл мерзімді тағы үш айға ұзартуы мүмкін. Ал алты ай мерзім өткеннен кейін ғана жұмыс беруші тарапынан шешім қабылданады.

“Берденов бұл мерзімді әзірге асқан жоқ. Барлығы заң аясында”, – деді ол.

Сондай-ақ Құранбек Берденовті қызметтен босату туралы бұйрықтың әлі шықпағанын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Руслан Берденовтің Шымкент әкімі орынбасары қызметінен босатылғаны туралы ақпарат тараған еді.

Руслан Берденов бұл қызметке 2025 жылы ақпанда тағайындалды. Алайда 21 сәуір күні оған қарулы шабуыл жасалды. Шенеунік оқ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді.

Сот үкімі бойынша күдікті деп танылған Ернар Жиенбайға 9 жылға сотталды.

Еске салайық, мемлекеттік айыптаушы бұрынғы шенеуніктің орынбасарына 11 жыл 3 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді. Берденов бес оқ жарақатын алып, ота үстеліне түскен болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар