Белгілі журналист Гүлмира Нәлібай әлеуметтік желідегі парақшасында шетел азаматтарына тұрмысқа шығатын қыздарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол мұндай некелерді әлеуметтік желіде кеңінен насихаттауды тоқтатуға шақырып, бұл мәселенің жас ұрпақ тәрбиесіне әсері бар екенін айтты.
"Мен қазақ даласына үндеу жасағым келеді! Өзге ұлттың етегінен ұстаған қыздардың тойын әлеуметтік желіде жариялауды доғарайық! Өсіп келе жатқан ұрпақтың тәрбиесін бұзбайық! Кетсе кетсін, тәрбиесіз, тексіз ұрпақты көбейтпейік! Өзге ұлттың құдаларын қарсы алып, тойында қызмет еткен өнер ұжымдары, әншілер, арсыздардан алған ақшаңды ал да, елге жарияламай тыныш отыр! Ол жақсы дүние емес! Шетелге шыққан қыз - ұлты үшін өлген қыз!" - деді ол.
Журналистің жазбасы желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Пікір жазғандардың бір бөлігі оның көзқарасын қолдап, бұл құбылысты насихаттауға қарсы екенін жеткізді:
- "Дұрыс айтасың. Бұл ұлтқа мақтаныш емес, қасірет. Тәрбие емес, кесір, кесапат. Ұлтты аздыру";
- "Өте дұрыс пікір, қолдаймын. Азаматтығынан айыру керек";
- "Өте дұрыс, қолдаймын, сондай сорақылықты елге жария еткендерді де жауапқа тарту керек".