Журналист Гүлмира Әбіқай Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында өлі табылған қазақстандық апалы-сіңлілер ісіне қатысты пікір білдірді. Ол Threads парақшасында марқұмдардың туыстары күдікті деп көрсеткен азамат туралы тараған мәліметтерді бөлісті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Журналистің сөзінше, қаза тапқан қыздардың туыстары олардың денесін елге жеткізу үшін Дубайға аттанған.
"Арабияда кісі қолынан қаза тапқан апалы-сіңлінің денесін алуға туыстары Дубайға ұшып кетті. Күдікті осы жігіт деп жазуда марқұмның жақындары. Бұл жігіт елде жүргенде талай қызды қорлағаны туралы ақпарат тарады. Діннің артына тығылып талай қылмыскер жүр-ау. Бір үйдің қос ботасынан айырылып, ата-анасы аңырап қалды", — деп жазды Гүлмира Әбіқай.
Айта кетейік, журналист келтірген күдіктіге қатысты бұл мәліметтер әзірге ресми органдар тарапынан расталған жоқ.
Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Шарджада екі қазақстандық азаматтың қаза тапқанын растаған еді. Ведомство мәліметінше, Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы марқұмдардың отбасына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін БАӘ-нің құзырлы органдарымен байланыста жұмыс істеп жатыр.


