Белгілі тележүргізуші Асхат Садырбай сайлауға қатысуда жастардың белсенділігі артқанын айтты

Dalanews 10 қаң. 2021 08:18 1057

Соңғы бір жыл ішінде пандемия әсерінен көп нәрсе өзгерді. Бұл туралы Sailau Talks-2021 шарасында «Team Qazaqstan» жастар қозғалысының көшбасшысы Асхат Садырбай айтты.

– Бұл сайлау осыдан бір жыл бұрын болған болса – халықтың сұранысы, өзекті мәселелері, елдегі саяси жағдай, басқа да мәселелер басқаша болар ма еді. Соңғы бір жыл ішінде пандемия әсерінен көп нәрсе өзгерді. Біз қазір ненің маңызды, ненің аса маңызды емес екенін түсіндік. Оның ішінде жастарға келетін болсақ, бұл сайлауда жастардың белсенділігі жоғарырақ, себебі 30%-дық квота әйелдер мен жастарға бөлінгені белгілі.

Бұрын мәслихатта, парламентте жастардың пайыздық үлесі 1-2% ғана болған. Ал қазір осы сайлау науқанының арқасында жастардың үлес салмағы бірнеше есеге өспек. Яғни, бұл сайлау науқанында жастардың саяси азаматтық белсенділігі артты деуге болады, – дейді Асхат Садырбай.


Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта жастардың басты назары сайлауда және саяси реформаларда екенін айтты.

–  Елімізде талантты, білімді жастар көп. Шетелге барып, білімін шыңдап келген, өздерін әлемдік деңгейде мойындатқан, ІТ саласындағы алпауыт компанияларда қызмет істеп жатқан жастар да бар. Олар еліміздің дамуына үлес қосып, көп нәрсені жақсартқысы келеді. Ондай жастар сайлауға қатысқанда достары, жора-жолдастары қолдайды және жалпы жастарға үлкен қолдау болады, – дейді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Sailau Talks-2021 сарапшылары өтіп жатқан сайлаудың маңыздылығы талқылайтынын жазған болатыныз.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар