Белгілі қазақстандық кәсіпкер Бішкекте ұсталды

Көркем Алдабергенова 26 там. 2025 17:00

Қазақстандық кәсіпкер Алмаз Зарипов Бішкекте қамауға алынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оған 2,5 млн долларлық алаяқтық жасады деген күдік тағылып отыр. Kaktus Media мәліметінше, биыл наурызда Бішкектің екі тұрғыны ҰҚК-ге шағымданған. Олар 51 жастағы азамат сенімдеріне кіріп, Қазақстаннан астық өнімдерін жеткізуге қатысты тиімді бизнес ұсынғанын айтқан.

Шартқа келіскен олар оған 2,5 млн доллар (шамамен 1,3 млрд теңге) берген. Алайда ақшаны алған соң «жеткізуші» байланысқа шықпай, бой тасалаған. Іскерлік ортадағы дереккөздер оның Алмаз Зарипов екенін растады. Ол KAZBRAND азық-түлік холдингінің «Аграрлық сервис» компаниясының директоры әрі Қазақстан агроөнеркәсіптік одағының президенті.

Компания 2020 жылдан бері жұмыс істеп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасымен айналысады.

Қырғызстанның арнайы қызметі Зариповқа іздеу жариялады. 23 тамызда қолға түскен соң, Бішкек соты оны 20 қыркүйекке дейін қамауда ұстау туралы шешім шығарды. Кәсіпкерге «аса ірі көлемдегі алаяқтық» бабы бойынша айып тағылған. Егер кінәсі дәлелденсе, оны ауыр жаза күтіп тұр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар