Белгілі депутат 1,2 млрд жымқырды деп ұсталған Садырбаевқа қатысты пікір білдірді

Көркем Алдабергенова 06 қар. 2024 14:12 1403

Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров белгілі агросарапшы Алмасбек Садырбаевтың ұсталуы жайлы пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Qaz365.kz-ке сілтеп.

«Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істегеннен кейін бір-бірімізді қолдап жүрген азаматтармыз. Бірақ қаір болып жатқан нәрселер – парақорлық, субсидия ұрлау бойынша құзіретті органдар баға беру керек. Менде ешқандай ақпарат жоқ. Кім болса да, мен болсам да, депутат, министр, Алмасбек болса да, егер осындай қылмыстар орын алса, онда адам жазаға тартылуы керек. Ал егер қылмыс болмаса, әділеттілік өз орнын табады деп ойлаймын», –  деді ол Парламентте.

Еске салайық, бүгін қаржылық мониторинг агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, "Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбаевтың аса ірі мөлшерде алаяқтық әрекетін әшкереледі. 

Ол өзі басқаратын адамдар тобы Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деген күдікке ілінген.

Негізгі мақсат - ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жемшөп шығындарын өтеу.

Бұл үшін заңнамаға қайшы ауылшаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылды.

Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілді.

Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылды. Осылайша 1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған.

Алмасбек Садырбаев ұсталды. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауында.

ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар